Фото: Ашық дереккөз
Степногорск қаласының «Қажымұқан» алаңында пайда болған Аяз ата мен Ақшақардың бейнесін тұрғындар «талғамсыз әрі қорқынышты» деп айыптады.
Қалалық мәслихат депутаттары бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Белгілі болғандай, биыл алаңды безендіруге бюджеттен ақша жұмсалмаған. Мүсіндерді қалалық кәсіпорындар мен ұйымдар өз қаражаты есебінен, «өз бастамамыз» деп орнатқан екен. Алайда, кәсіпорындардың бұл «сыйы» эстетикалық нормаларға мүлдем сай келмей қалды.
«Бұл нысандарды дайындауға Степногорск бюджетінен бір тиын да бағытталған жоқ. Бірақ орнатылған фигуралардың сыртқы келбеті тұрғындардың орынды сынына ұшырады», делінген хабарламада.
Қоғамдық реакцияның тым қарқынды болуына байланысты, билік мүсіндерді тез арада демонтаждау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта алаңды талапқа сай безендіру жұмыстары қайта қолға алынды. Депутаттар халықтан кешірім сұрай отырып, ендігі безендіру жұмыстарында тұрғындардың талғамы мен ескертулері басты назарда болатынын жеткізді.