Фото: видеодан алынған скрин
Қазір күдікті елге жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ол 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз алып-сатумен айналысқан деген күдікке ілініп отыр.
Украина азаматы қылмыстық топ құрамында донорлар мен реципиенттер іздеу және олардың арасында кездесу ұйымдастыру, органдарды алып-сату, трансплантациялау операцияларын құпия ұстау сынды қызметтерді жүзеге асырған.
Айыпталушы Қазақстан мен басқа елдердің аумағында тірі адамдардың органдарын саудаға салған 56 заңсыз мәміле жасаған.
Қылмысы әшкере болған соң күдікті 5 жыл бойы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, бой тасалаған.
Осы жылдың наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елімізге экстрадицияланған.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін осы қылмыстық ұйымның 2 мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.