Облыста экономиканың, қоғам өмірінің барлық саласында соны серпін бар. Жыл басынан бері 24,1 мың жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 23,0%-ға төмендеді.
Қ.Ақсақалов экономиканың нақты секторының әрбір саласына жеке тоқталды. Бүгінде өңірдегі кәсіпорындар өндіріске инновацияларды, цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, өнеркәсіптік роботтарды пайдалануға бағыт ұстанып отыр. Биыл роботтардың саны 3 есе артты.
«KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 78,2 млрд теңге болатын шойын құю зауытының құрылысы жобасын іске асырды, 500 жаңа жұмыс орнын ашты. Тағы бір ірі кәсіпорын – жүк көліктеріне арналған жетекші белдіктер шығаратын зауыт ашылуға дайын. Инвестиция көлемі – 160,5 млрд теңге, 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ жеңіл автомобильдерге автокомпоненттер шығаратын зауыт салынып жатыр. Мұнда 800 жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі – 17,8 млрд теңге.
– Облыс – еліміздің машина жасау орталығы. Машина жасауда көшбасшылық позицияны ұстап тұруға биыл ғана ашылған «KIA» зауыты («KIA Qazaqstan» ЖШС) мүмкіндік беріп отыр. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бергі ең ірі, стратегиялық жобалардың бірі. Ол рекордтық қысқа мерзімде, 1,5 жылда салынды. Кәсіпорында 1 500 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ сәуір айында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС 2,3 млрд теңге инвестиция тарта отырып, «Jetour Х70+» автокөлік өндірісін іске қосты, 200 жұмыс орнын ашты, – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақтың экономикалық даму драйверлерінің бірі – қара металлургия саласы. Рудный қаласында металлургия өнеркәсібіндегі ең көп капиталды қажет ететін жоба – ыстық брикеттелген темір шығаратын зауытты іске асыру басталды. Жобаға тартылатын инвестиция тек бірінші кезеңнің өзінде 655,0 млрд теңгені құрайды, 1 000-нан астам жұмыс орны ашылады. Жақын арада Лисаков қаласында темір рудасының қалдықтарын қайта өңдеу жобасын іске асыру басталады.
Көліктік логистиканы дамыту мақсатында облыс орталығында «Тобыл» халықаралық көліктік-логистикалық кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Порттың жоспарланған қуаты – жылына 400 мың контейнер. Инвестиция көлемі – 63,8 млрд теңге, 500 жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде, жүк тасымалы көлемі 20%-ға артады.
Биыл негізгі капиталға 781,0 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артық (492,1 млрд теңге). Тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі кейінгі үш жылда шамамен 1,5 млрд долларды құрады.
– Облысты тұрақты, сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергия көздерінің алты жобасын іске асырамыз. Қазірде облыс электр энергиясын (0,45 Гвт) өндіргеннен төрт есе көп тұтынады (0,12). Өңірде 2 жел электр стансасы бар. Жақын күндері тағы 2 баламалы энергия көзі: Арқалық қаласындағы жел электр стансасы (құны – 30 млрд теңге, қуаты – 50 МВт), Бейімбет Майлин ауданындағы күн электр стансасы (7,0 млрд теңге, 23 МВт) іске қосылады. Бейімбет Майлин ауданында газ поршенді электр стансасының (14,3 млрд теңге, 40 МВт), Қостанай ауданында 2 жел электр стансасының (38,7 млрд теңге, 100 МВт) құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ қазан айында Рудный қаласында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын (468,0 млрд теңге, 165 жел генераторы) салу туралы меморандумға қол қойылды. Осы нысандарды пайдалануға беру облыста электр энергиясын өндіруді 10 есеге арттырады, – деп мәлімдеді Қ.Ақсақалов.
Агроөнеркәсіптік кешен – экономиканың негізгі салаларының бірі. Биыл саланы қолдауға 207,0 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп (170,0 млрд теңге). Соның арқасында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 924,0 млрд теңгені құрады, жыл қорытындысында 1,0 трлн теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 7,0 млн тонна астық жиналған.
Мал шаруашылығы саласында 7 өнеркәсіптік заманауи, цифрлық тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді, алдағы жылы тағы 5 ферма іске қосылады. Бұл жобаларды іске асыру ірі шаруашылықтарда сүт өндіруді екі есеге (75,0-ден 152,0 мың тоннаға) дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде «Баян сұлу» АҚ «Кондитерлік Астана» фабрикасының құрылысын жүргізіп жатыр, инвестиция көлемі –
14,3 млрд теңге. Жоба өнім ассортиментін 16,6 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында аграрлық сектордың терең өңдеу әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті. Облыста астықты терең өңдеу жөніндегі бір жоба іске асырылып жатыр. «Qostanai Grain Industry» кәсіпорнының жобалық құны – 71,0 млрд теңге, мүмкіндігі – 415,0 мың тонна, 650 жұмыс орны ашылады.
Кейінгі үш жылда өңірде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй саясатын жүзеге асыруға биыл бюджеттен 40,4 млрд теңге бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда үш есе көп (2022 ж. – 13,9 млрд теңге, 2023 ж. – 23,2 млрд теңге, 2024 ж. – 24,4 млрд теңге).
Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Қостанай жастары» бағдарламасына үш жыл ішінде 4,9 млрд теңге бөлінді, соның арқасында жұмыс істейтін 344 жас баспаналы болды.
Облыс орталығындағы «Астана» шағын ауданында 176 га аумақта 154 көпқабатты тұрғын үй салынады, бұл шамамен 60 мың адамға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 13 үйдің құрылысы басталды.
Биылғы автожол саласының бюджеті 103,0 млрд теңгені құрады, 2022 жылғы деңгейден 2,6 есе көп. 1 300 км автожол, сондай-ақ 103 елді мекенде 400-ден астам көше жолдары жөнделді.
– 2023 жылдың басында ауыл тұрғындарының ауызсумен қамтамасыз етілуі 80,4% болғанын атап өткім келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізілді. «Үйге дейін су» жобасы арқылы тіршілік нәріне қосылған үйлердің саны 48,3-тен 63,0 мың аулаға дейін өсті. Ауылдардағы барлық аула саны – 80,6 мың, – деді өңір басшысы.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар да белсенді, тұрақты жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 80 сквер мен саябақ абаттандырылды, 164 балалар мен спорт алаңы салынды, 108 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөнделді, 143,9 мың жасыл желек отырғызылды, 8,5 мың көше шамы орнатылды.
Кейінгі үш жылда облыста 5 860 орынға арналған 9 мектеп салынды, оның 7-і биыл пайдалануға берілді. 1,9 мың орынға арналған тағы 2 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2,2 мың орынға арналған 14 балабақша бой көтерді. Нәтижесінде, 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 96,4%-ға, 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ға дейін артты. Қостанай қаласында «IQostanay» SMART-орталығы, Тобыл қаласында «Балалар әлемі» шығармашылық орталығы, Жангелдин ауданының Торғай ауылында «Жас өркен» шығармашылық үйі жұмыс істейді.
Үш жыл ішінде 35 денсаулық сақтау нысаны салынды. Сонымен қатар 3 оңалту орталық жұмыс істейді. Өңірге медицина қызметкерлерін тарту жұмысы жалғасып келеді. 2023 жылдан бері облыста дәрігерлердің тапшылығы екі есеге төмендеді.
Кейінгі үш жылда 37 спорт нысаны салынды. Халықтың спорт ғимараттарымен қамтылуы 53,3%-дан 59,7%-ға дейін, ал спортпен айналысатын халықтың саны 41,9%-дан 46,7%-ға дейін артты.
Міне, осындай қол жеткен табыстарды санамалай келіп, облыс әкімі Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің назарында болуға тиіс екенін айрықша атап өтті. Осыған байланысты Арқалық қаласын, Амангелді, Жангелдин аудандарын алдағы үш жылда әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жөніндегі жоспар бекітілді. Ол жалпы сомасы 165,5 млрд теңге болатын 51 іс-шарадан тұрады. Арқалық қаласында маңызды инфрақұрылымдық жоба – әуежай құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Жұмысты 2026 жылғы шілдеде аяқтау жоспарланған. Маусым айында «Орталық – Батыс» бағытындағы аса маңызы көлік дәлізінің құрылысына ресми старт берілді. Жаңа бағыт Астанаға баратын жолды 549 км қысқартады. Сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлеріне тікелей шығуды қамтамасыз ететін «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолын жөндеу жөніндегі жұмыс та келер жылы бітеді, – деді өңір басшысы.
Баспасөз мәслихатының соңында Қ.Ақсақалов журналистердің сұрақтарына жауап берді.