Өңірде 2025-2029 жылдары жалпы құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл «Omir apartments» апартаменттері – 2 кезең, «Wyndham Garden Aktau» және «Shahristan» қонақ үй кешендері, Достар қонақ үйін қайта құрылымдау сынды 4 жоба пайдалануға берілді. Бұдан бөлек термалды сулары бар санаторий-курорттық кешені салынып жатыр және балалар демалысын дамыту мақсатында Каспий жағалауында көпфункционалды «Aqqu Resort&Camp» орталығы ашылды. Сондай-ақ Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристік маусымда іске қосылады.
«Өңірде туризмді дамыту бойынша кешенді жоспар жүзеге асуда. Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу теміржол вокзалдары жаңғыртылып жатыр, сондай-ақ Кендірліде жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл инфрақұрылым саланы жаңа деңгейге шығарады», деді Нұрдәулет Қилыбай.