Саясат • Бүгін, 09:00

Орталық Азия – Жапония: Көпвекторлы ынтымақтастықтың ерекше форматы

10 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласында өткен «Орталық Азия – Жапония» диалогінің бірінші саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ бұл саммитке Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Орталық Азия – Жапония: Көпвекторлы ынтымақтастықтың ерекше форматы

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

3,7 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды

Мемлекет басшысы сөзінің басында осы тарихи кездесу­ді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжай­лы­лық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

– Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис санала­тын Токиода ұйымдастырыл­ған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орта­лық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогін құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халық­аралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде ма­ңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

– Қазақ жұрты жапон халқы­ның тарихына, салт-дәстүрі мен мә­дениетіне әрдайым құрмет­пен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымақ­қа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуі­ріне қадам басты. Жапония­ның Орталық Азия елдерімен бай­­ланысы ежелгі Ұлы Жібек жолы­­нан бастау алады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды. Сондай-ақ жан-жақты халықаралық ынтымақ­тастық орнатуда зор әлеуетке ие Орталық Азия дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестиция­лық орта қалыптастыруға дайын екенін айта келе, қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды.

«Сауда-экономикалық және инвес­ти­ция­лық байланысты жандандыру­ға баса мән беру қажет. Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 млрд долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 млрд доллардан асты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жет­кізетінімізге сенімдімін. Жапо­ния­ға сапарымның аясында 60-тан аса екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар», деді Президент.

о

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады.

«Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыз­дан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ең озық технологияларды тартуға бейілміз

Бұған қоса Президент энергетика са­ла­сындағы жобалар жөнінде сөз қозғады.

«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ­мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие. Біз теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз. Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Сондықтан осы табиғи байлығымызды қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз.

Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр стансалары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды. Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады.

Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндіріс­терді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз. Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining  Plus жобасы­ның іске қосылуын құптайды. Бұл бас­тама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды.

«Еліміз ауыл шаруашылығын дамыту­ға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркә­сіп кешені бұрыннан бар. Сондық­тан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын», деді Президент.

Бұдан соң Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мәселесіне мән берді.

«Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланыс­ты. Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Кейінгі 20 жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 па­йызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті. Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді инс­титутпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті.

Су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болар еді. Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проб­лематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. Жапондық сая­саткерлер мен қоғам қайраткер­­лерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды ке­лесі жылы сәуір айында Астана­да өте­тін Өңірлік экологиялық сам­мит­ке қа­тысуға шақырамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Адам капиталы – дамудың басты қозғаушы күші

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Токионың Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.

«Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті. Жапондық инновациялар сапа, сенімді­лік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты. Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз. Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады. Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз.

те

Адам капиталы – дамудың басты қоз­ғау­шы күші. Жапония бұл фор­мула­ның дұрыстығын нақты дәлелдеді. Адам, еңбекке құрмет көрсету, ұдайы жеті­луге ұмтылу, өмір бойы оқу, өске­лең ұрпаққа білім беру – Сіздің мем­ле­кеті­ңіздің артықшылығы. Қазақстан білім саласын белсенді дамытып жатыр. Әсіресе шетелдік серіктестерімізбен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Елімізде шет мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары табысты қызмет етуде. Жапонияға Қазақстанда университеттер мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», деді Президент.

Осы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониямен туризм саласындағы ықпал­дастықтың негізгі бағыттарын атады.

«Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдени мұрасы бай, табиғаты әсем. Бұл жапон туристерін қызықтырары сөзсіз. Қазақстан Жапониямен туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Жапониялық турис­тер үшін Орта Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс. Бұл жапондық туристердің бір сапарда бірнеше елді аралап шығуына мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады. Жапонияны Осака қаласында ЭКСПО 2025 көрмесін табыс­ты өткізуімен тағы да құттықтаймын. «Көрме тақырыбын жан-жақты көрсету» номинациясы бойынша алтын жүлде иеленгендеріңізге қуаныштымыз», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент «Қазақстан 2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болғанын хабарлады.

Біз спорт саласындағы ықпалдас­тық­ты өркендетуге, ең әуелі жапонның дзюдо, сумо және кэндо секілді дәстүрлі жек­пе-жек өнер түрлерін дәріптеуге әзірміз. Қазақстан 2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болды. Бұрнағы күні мен қазақтан шыққан белгілі сумошы Кимбозан Харукимен (Ерсін Балтағұл) таныстым. Тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз алдағы уақытта да халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға қызмет ете береді деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Прези­денті Эмомали Рахмон, Түрікмен­стан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

«Орталық Азия – Жапония» саммиті­нің қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды. Бұл форматтағы төрағалық енді Қазақстан тарапына өтті. Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Жапония Премьер-министрі келесі саммитті Қазақстанда өткізуге келісті.

Сондай-ақ сол күні дәл осы топ «Орталық Азия – Жапония» бизнес форумына қатысты. Жиын аясында «Жасыл даму және орнықтылық», «Цифрлық трансформация мен өзара байланыс», «Қаржы, адам ресурстары және бизнеске арналған әлеуметтік жүйені дамыту» секілді тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.

Бұған қоса Орталық Азия мен Жапонияның іскерлік орта өкілдері кездесулер өткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары және «Орталық Азия – Жапония» бизнес форумының қорытындысы бойынша қазақстандық тарап пен жапон бизнес құрылымдары арасында жалпы құны 3,72 млрд доллар болатын 60-тан астам құжатқа қол қойылды. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 09:15

Алатау аласарған күн...

Тағзым • Бүгін, 08:52

Ел мақтанышы болып қалады...

Тағзым • Бүгін, 08:43