Айтулы іс-шара саналы ғұмырын кітап ісіне арнаған ардагер кітапханашыларға құрмет көрсетумен басталды. Жасы тоқсанға таяған Күләш Аязбекова бастаған ардагерлер қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, өткен күннің өнегесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Ғимарат дәлізінен үйлесімді орын алған «Ұлттың жады – Ұлттық кітапханаға 115 жыл» атты көрме тағылым ордасының өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Онда Ұлттық кітапхананың қалыптасу кезеңдері, даму жолы, басшылық еткен тұлғалар туралы мол деректер қамтылған.
Іс-шараның ресми бөлімінде сөз алған Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ордалы ұжымды мерейлі белесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
«Қадірлі қауым, сіздерді Ұлттық кітапхананың құрылғанына 115 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл – халқымыздың рухани өміріндегі айтулы белес. Ұлттық кітапхана ғылым мен білімді, мәдениет пен өнерді, сондай-ақ ағартушылық қызметті дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Мұнда сирек кездесетін кітаптардың, қолжазбалар мен ғылыми еңбектердің бірегей қоры жинақталған. Осы теңдессіз мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Сіздер бұл міндеттің мәнін терең түсініп, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін күшейту жолында табысты еңбек етіп келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Бүгінде іргелі мекеме ұжымы халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, кәсіби біліктілігін заман талабына сай жетілдіріп жатыр. Кітапханада қолға алынған инновациялық бастамалар мен жобалар оқырман қауымға ұсынылып отырған цифрлық шешімдер осының айқын дәлелі. Ұлттық кітапхана ұжымы алдағы уақытта да жаңашыл және жасампаз істерге ұйытқы болады деп сенемін. Баршаңызға амандық, зор табыс тілеймін», делінген Құттықтау хатта.

Мерейтой аясында кітапхана ұжымының заманауи бағыттағы бастамалары, цифрлық қорды дамыту, оқырманмен жұмыс форматын жаңғырту секілді жобалар таныстырылды. Сондай-ақ кітапхананың әр жылдардағы қызметін қамтитын тарихи деректер арқылы оның ұлттық мәдениет пен білім кеңістігіндегі рөлі аталып өтті.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер саласының мамандары, ардагер кітапханашылар мен оқырмандар қатысқан мазмұнды іс-шарада бірқатар ведомство басшыларының, қала мен облыс әкімдерінің құттықтау хаттары табысталып, халықаралық ұйымдардың бейнеқұттықтауы көрсетілді.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Көп білетін адамдар бар, бірақ бәрін білетін адам жоқ. Бәрін білетін – кітап. Рухани өміріміздің айнасы, ұлтқа қызмет етудің жарқын өнегесі – кітапхана. Өмірін осы игілікті іспен ұштастырған жандарға алғыс білдіремін», деп кітапханашыларға жүрекжарды лепесін жеткізді.
Ал ақын Ақұштап Бақтыгереева әдебиет алыптарының кітапханадағы қызықты оқиғаларын баяндап, өзінің алғаш осы кітапханаға аяқ басқандағы оқырман билетін көрсетті.
«Біз кітапхананың тарихымен қатар өмір сүргендердің біреуіміз. Бұл кітапхана жайында жазушылар ортасында қызықты дүниелер көп. Оспанхан Әубәкіров студент кезінде осы кітапханаға жақсы көретін қызын кездесуге шақырыпты. Сол күні қатты жер сілкініп, Оспанхан бірінші қабаттың терезесінен секіріп қашып кетсе керек. «Сөйтіп, мен осылайша, жақсы көрген қызымнан айырылып қалдым» деген екен Әубәкіров. Қадыр Мырзалиев
6 767 кітабын туған жері Оралдағы Қадыр орталығына көшіріп алды. Қадырды білмейтін қазақ жоқ десек, сол 6 767 кітаптың беттерінде Қадағаң қойған белгі бар. Ендеше, сондай ақын болу үшін қанша кітап оқу керек болған. Әбіш Кекілбайұлы сонау Маңғыстаудың түкпіріндегі ешқандай кітап бармайтын, пойыз бен ұшақ қатынамайтын түкпірде отырып, бүкіл ауыл мен ауданның кітапханасын мектепте жүріп тауысыпты. Сондықтан да, оның басы компьютерден де мықты еді, кез келген тақырыпты терең білетін. Бұл – кітаптың маңызын, қасиетін көрсететін дүние», дейді А.Бақтыгереева.
Салтанатты жиын аясында «Жүлгесі үзілмеген 115 жыл» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Байқау жас қаламгерлерді қолдауға және поэзия арқылы кітапхана құндылығын насихаттауға бағытталған.
Айта кетейік, Ұлттық кітапхана 1910 жылғы 31 желтоқсанда Верный қалалық кітапханасы ретінде негізі қаланып, кейінгі тарихи кезеңдерде өңірлік және республикалық мәртебелер берілді. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі бекітілді.
АЛМАТЫ