Орталықта бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Іргелес жатқан 4 аудан, қаланың 90-ға жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған.
Орталықтың ашылу рәсімінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жоба бірыңғай стандарттар негізінде жүзеге асырылып, тұрақты әлеуметтік нәтижеге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ Сарыағаш қаласында және Тұрар Рысқұлов ауылында «Ainala» оңалту орталықтары өз жұмысын бастайтынын, ал жыл соңына дейін қордың қолдауымен ашылған осындай орталықтардың саны 55-ке жететінін мәлім етті.

Аталған орталық Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі және жартылай стационарлық үлгісінде жұмыс істейді. Балаларға тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі. Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының серіктестері – «Қамқорлық» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бірлесіп, 350 млн теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 млн теңге қаражат бөлді. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-і балалар. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес облыс аумағында аутистік спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған 398 бала тіркелген.