Қоғам • Бүгін, 09:10

Қазақ хандығына арналған төртінші том бекітілді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Қазақ хандығына арналған төртінші том бекітілді

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Басқосуда редакциялық алқа мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстары негізінде қайта пысықталған Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасы қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша редакция алқасы төртінші томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік кеңесші аталған еңбектің отандық тарих ғылымындағы маңызы зор екеніне назар аударды.

– Алғаш рет Қазақ ханды­ғы­ның тарихы көптомдық академиялық басылымда бөлек том әрі біртұтас іргелі еңбек ретінде қарастырылып отыр. Қазақ хандығының тарихы – ұлттық тарихымыздың ең негізгі кезеңі. Төртінші томда қазақ мемлекеттілігінің бірнеше ғасырға жалғасқан қалыптасу, даму, гүлдену кезеңдері толық қамтылған. Тұтастай алғанда Қазақстанның академиялық тарихының төртінші томы кешенді зерттеу болып саналады. Онда Қазақ хандығы тарихын зерттеудегі заманауи ғылыми тәсілдер мен озық нәтижелер қамтылған. Бұл отандық тарих ғылымының дамуына қосылған маңызды үлес болып есептеледі, – деді Ерлан Қарин.

Басылымның жаңалығына тоқталған Мемлекеттік кеңесші томды әзірлеу барысында Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің мұрағат қорларынан табылған жазба деректер, құжаттар мен жәдігерлер пайдаланылып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізілгенін айтты. Төртінші томға барлығы 187 сирек құжат енгізілді, олардың 180-і шетелдің архив қорларынан алынған.

Сондай-ақ редакция алқасы «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» академиялық басылы­мы­ның бесінші томын талқы­лады. Аталған томның тұжырым­дамасын, құрылымы мен маз­мұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдары­ның докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.

Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтің, тарих ғылымдарының докторы, академик, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың зерттеуші профессоры Хангелді Әбжановтың, тарих ғылымдарының кандидаты, Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебайдың рецензиялары тыңдалды.

Редакция алқасының Айдос Сарым, Мәмбет Қойгелдиев, Еркін Әбіл, Галина Ксенжик, Дихан Қамзабекұлы, Бүркітбай Аяған, Күлғазира Балтабаева, Кенжехан Матыжанов, Айгүл Сәдуақасова, Андрей Чеботарев, Жақсылық Сәбитов, Меруерт Әбусейітова, Берекет Кәрібаев, Оразақ Смағұлов, Берік Әбдіғали­ұлы секілді басқа да мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды.

Жиын соңында редакция алқасы академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастырып, келесі отырыс­та қайта қарау туралы шешім қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00