Президент • Бүгін, 08:50

Токио төріндегі келіссөздер: Инновациялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапары аясында Токио губернаторы Юрико Коикэмен және осы елдің іскерлік топ өкілдерімен кездесу өткізді.

Токио төріндегі келіссөздер: Инновациялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Қаланы басқару ісіндегі ілкімділік

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, «Smart city» технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселе­лерін талқылады. Сонымен қатар мега­полистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласы­ның әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бо­йынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының «Smart city» тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды, орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.

Президент Токионың Төтенше жағдай­лар жөніндегі ахуалдық орталы­ғын аралап көрді. Бұл азаматтық қорға­ныс пен қаладағы қауіп-қатерлер­дің алдын алудың негізгі жүйесі саналады.

Орталықтың басты міндеті – қала­дағы ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағдай кезінде билік орган­дарының іс-әрекетін үйлестіру, ықти­мал қатер мен орын алған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техно­гендік апаттар, лаңкестік актілер) тура­лы ақ­параттарды талдау. БАҚ пен әлеу­меттік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлім­ше шұғылданады. Ал күнделікті өмірде кешен дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдіру, азаматтық қорғаныстың өңірлік жос­парын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақ­тандыруға, апаттардың салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту ісімен айналысады.

 

Инвестициялық бастамалар жайы талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорациясының бірі саналатын «Sumitomo» компаниясының президенті Шинго Уэноны қабылдады.

Қазақстан Президенті еліміз «Sumitomo» корпорациясының ор­нықты даму мен бизнестің жауап­кер­шілігін арт­ты­­руға бейілдігін жоғары бағалай­т­ы­нын, сон­дай-ақ компания­ны ұзақмер­зімді серік­тес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады.

Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру келешегі талқыланды.

п

 

Геологиялық барлау жобаларының мүмкіндігі зор

Содан соң Мемлекет басшысы Жапо­ния металл және энергетикалық қауіп­сіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады.

Кездесуде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды ор­нық­ты басқару бағыттарындағы ынтымақ­тастық келешегі талқыланды.

Мемлекет басшысы «JOGMEC» ком­паниясының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында ұйымның еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Прези­денттің пікірінше, бұл бірлескен жоба­ларды тиімді үйлестіруге, сондай-ақ Жа­понияның өндірістік және технологиялық компанияларының Қазақстан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді.

JOGMEC – Жапонияның энерге­тика­лық және минералды шикізат қауіп­сіз­­дігіне жауапты негізгі мемлекет­тік инс­ти­туты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдардың тұ­рақ­ты жеткізілімін қамтамасыз ететін мем­­лекеттік оператор міндетін атқарады.

 

«Mitsui»-мен байланысты кеңейтуге ниетті

Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Mitsui» компаниясы директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Тацуо Ясунагамен кездесті.

Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Mitsui» басшылығына риза­шылығын білдірді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын халық­аралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақстан эконо­миканың негізгі секторларында «Mitsui» компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, компанияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады.

Сондай-ақ өзара қызығушылық таныт­қан салалар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.

Қазақстан Президентінің Токиоға сапары аясында «Mitsui» компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қою жоспарланған.

 

Уақыт тезінен өткен серіктес

Қасым-Жомарт Тоқаев «Komatsu» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады.

Кездесуде Мемлекет басшысы «Komatsu» компаниясы еліміздің тау-кен инфра­құрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезі­нен өткен серіктесі саналатынын атап өтті.

Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеу­ге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

Хироюки Огава стратегиялық тұрғы­дан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервис­тік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.

тт

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық эко­номиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті.

Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Komatsu» ком­паниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның адами капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.

«Komatsu» құрылыс, тау-кен, жол және индустрия салаларына қажетті техникалар өндіруге маманданған әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі саналады.

 

Кен орындарының жұмысын жандандырады

Қасым-Жомарт Тоқаев «Hitachi Construction Machinery» компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады.

Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту келешегі қаралды.

Мемлекет басшысы «Hitachi Construction Machinery» компаниясы­ның өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыс­тың келешегі зор бағыттары бола алады деп санайды.

Масафуми Сэнзакидің айтуынша, компанияның басты мақсаты – жаһандық деңгейдегі, сонымен қатар Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру аясында жо­ғары технологиялы, төмен көміртекті, қауіп­сіз шешімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану.

«Hitachi Construction Machinery» – құрылыс және тау-кен техникаларын шыға­ратын әлемдегі жетекші кәсіп­орын­дардың бірі. Компанияның экскаваторлары, карьерге арналған жүк көліктері және басқа да техникалары 150-ден аса елде, соның ішінде Қазақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді. 

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00