Қоғам • Бүгін, 18:42

«Әскер тарланы»: үздік әскери қызметшілер марапатталды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Қорғаныс министрі, авиация генералы-лейтенанты Дәурен Қосанов жыл сайын өтетін «Әскер тарланы» кәсіби байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты рәсімде әскердің дамуы, жеке құрамның кәсіби әлеуеті және заманауи технологияларды енгізу мәселелері кеңінен сөз болды, деп жазады Egemen.kz.

«Әскер тарланы»: үздік әскери қызметшілер марапатталды

 

Марапаттау рәсімінде Қорғаныс министрі армияны дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде әскердің ұтқырлығы, технологиялық жаңашылдыққа бейімділігі және жеке құрамның қажеттіліктеріне бағытталған саясат шешуші мәнге ие.

Министр қорғаныс саласына ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу әскери басқару жүйелерін жетілдіруге, құқықтық тәртіпті нығайтуға, медициналық мониторингті дамытуға және азаматтарға көрсетілетін сервистік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгін біз кәсібиліктің сөзбен емес, нақты іспен өлшенетінін күнделікті қызметімен дәлелдеп жүрген азаматтарға құрмет көрсетіп отырмыз. «Әскер тарланы» – командирлер сенімінің, қарулас серіктер сыйластығының және отбасылар мақтанышының айқын көрінісі. Сіздердің біліміңіз, сабырыңыз, тәртіпке беріктігіңіз бен жолдастық рухыңыз – армияның басты құндылығы», деді Дәурен Қосанов.

айбын

Үздіктер есімі аталды

Кәсіби сайыс қорытындысы бойынша үздік ұшқыш аталымын майор Асхат Тезекбаев (53975 әскери бөлімі) иеленді. Үздік теңізші атанды – «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі, 3-дәрежелі капитан Ермекбай Оспанов (29011 әскери бөлімі).

Арнайы операциялар күштерінің 20030 әскери бөлімінде қызмет ететін аға лейтенант Бақытжан Жайлаубаев «Жаужүрек» номинациясымен марапатталды. Ал әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 97638 әскери бөлімінің сержанты Андрей Фукс «Әуе қорғаушысы» аталымына ие болды.

Жауынгерлік дайындықтағы үздік сержант деп 18404 әскери бөлімінің 3-сыныпты сержанты Жандос Рақымғазы танылды. Үздік спортшы аталымы 35950 әскери бөлімінің капитаны Жолдас Сапарға берілді.

Құрлық әскерлері қатарынан бірқатар маман кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Аға сержант Данияр Бекжан (12740 әскери бөлімі) – үздік артиллерист, кіші сержант Асхат Тыныштық (25744 әскери бөлімі) – жауынгерлік машинаның үздік командирі атанды. Мергендер арасында ефрейтор Елнұр Көзжан (99116 әскери бөлімі) үздік деп танылса, сержант Қуандық Ахметқалиев (10810 әскери бөлімі) үздік жүргізуші аталымын иеленді.

Өскемен қаласындағы әскери лазаретте қызмет ететін сержант Анна Голованованың еңбегі «Абзал жан» номинациясымен бағаланды.

айбын

Бітімгерлік биігі

Бітімгерлік миссиясындағы үлгілі қызметі үшін майор Бахтияр Батталов үздік бітімгер атанды. Үздік байланысшы – аға сержант Рүстем Ерденбеков (54380 әскери бөлімі), ал саперлер арасында сержант Сағит Мыңбай (44859 әскери бөлімі) «Қайсар жүрек» аталымымен марапатталды.

Радиоэлектрондық күрес саласындағы үздік маман деп капитан Медет Күзембаев (54179 әскери бөлімі) танылды. Жедел кезекші аталымын подполковник Артур Мисалим (78639 әскери бөлімі) иеленді. Тылдық қамтамасыз ету саласында кіші сержант Айбек Есенжолов (44293 әскери бөлімі) үздік атанса, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің үздік маманы – сержант Ернұр Тәңірберген (22534 әскери бөлімі).

Кадр қызметі бойынша майор Азамат Ашықов (44803 әскери бөлімі) үздік деп танылса, тәрбие жұмысы жөніндегі үздік офицер аталымы подполковник Ренат Қалидолдинге (12740 әскери бөлімі) бұйырды. Әскери полиция қызметі бойынша үздік – Ақтау өңірлік гарнизонының кіші сержанты Қыдырғали Әділхан.

Айбын

Отбасы жетістігі

«Мерейлі отбасы» байқауында Әуе қорғанысы күштерінің 54835 әскери бөлімінде қызмет ететін майор Ерлан Шыналиевтің отбасы жеңіске жетті.

Ал «Жыл серпілісі» аталымы елордадағы 68665 әскери бөлімінің «Жұлдызды жігіттер» командасына берілді. Өнерлі ұжым «Қазақстан CUP» лигасында жүлделі үшінші орын алып, 2026 жылы өтетін «Жайдарман» ұлттық лигасына жолдама алды.

Сондай-ақ «Жас сарбаз дауысы» номинациясы Мәскеуде өткен «Голос. Дети» байқауында жүлдегер атанған «Жас сарбаз» студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Түзеловаға табысталды.

Іріктеу жұмыстары 27 номинация бойынша жүргізілді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17