Бұл ретте әскердің материалдық-техникалық базасын күшейтіп, соғыс техникаларын цифрлық мүмкіндіктермен жетілдіре түсу ісі – бөлек мәселе. Айтпағымыз – әскердегі адам капиталын дамытып, сарбаз қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал осы мәселенің қалай қолға алынып жатқанын жуырда Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласына арнайы ұйымдастырған баспасөз туры барысында көзімізбен көрдік.
Алматы сапарынан ұққанымыз, еліміздің Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметтің жаңа форматы – «Sarbaz+» жобасы енгізіліп жатыр. Жоба цифрлық құзыреттерді дамытуға, адам капиталын нығайтуға әрі жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл туралы сәл кейінірек, алдымен әскерге маман даярлайтын оқу орындарына барған сапарымызды баяндасақ.
Алдымен Қорғаныс министрлігіне қарасты екі оқу орнына ат ізін салдық. Бізді Астанадан оңтүстікке алып шыққан арнайы әскери борт Алматыға қонған бойда бірден Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына бет алдық. Онда бізді институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов қарсы алып, оқу орнының маман даярлаудағы соңғы соны жетістіктерін таныстырып шықты. Институт арнайы мемлекеттік тапсырыс аясында дәл қазір «Дегелек» атты отандық әскери ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырып, сынақтан өткізіп жатыр екен. «Дегелектің» мүмкіндіктерін естігенде әлем жаппай қолдана бастаған осындай заманауи техникаларға көбірек арқа сүйеу керектігі туралы ойымызды тіпті қамшылай түстік.

Институттың бірнеше бөлімнен тұратын шеберханасы кішігірім фабрика ма дерсің. Мұнда радиотехникалық бұйымдарды құрастыру, лазерлік кесу және 3D басып шығару, модельдеу және жобалау зертханалары мен оқу-өндірістік-цехында тіршілік қайнап жатыр.
Институттағы озық тәсілдердің қатарына жатқызатын тағы бір жетістік – электронды ату тренажерлары. Мұның бірі тир болса, екіншісінде сарбаздар командалық ұрыс тапсырмасын орындайды. Яғни үлкен монитор арқылы әуе күштеріне қарсы қорғаныс жүйесімен жұмыс істеп, машықтанады. Генерал-майор Н.Қабақовтың айтуынша, бұл тәсіл қаншама уақыт пен қаржыны шығындайтын дәстүрлі полигонға барып жаттыққаннан еш айырмашылығы жоқ.
Қорғаныс министрлігінің Б.Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде де айтуға тұрарлық жаңалық баршылық. Былтыр бұрынғы республикалық «Жас ұлан» мектебі базасында әскери-спорттық колледж болып қайта құрылуының арқасында оқу орнының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Оған қоса мүмкіндіктері де көбейген. Оқу корпусы, казармасы, спорттық базасы жаңа жиһаздармен, инвентарлармен жабдықталыпты. Ал колледждің ішкі әрлеуі соңғы интерьер үлгілерімен қайта жөнделіп, адам танымастай өзгерген. Спорт залы мен стадионы да бүгінгі сұранысқа сай қайта жөнделіп, жабдықтары да арта түскен.
Қорғаныс министрлігінің бұл әскери-спорт колледжі осы оқу жылында өзінің алғашқы курсанттарын қабылдапты. Баспасөз туры барысында журналистерге колледждің спорттық және оқу инфрақұрылымы, сондай-ақ жас әскери-патриоттық кадрларды даярлаудың жаңартылған моделі де таныстырылды.
Ал «Sarbaz+»-ке қайта оралсақ, жобаның қанатқақты алаңы ретінде Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімі таңдалған. «Sarbaz+» мерзімді әскери қызметке деген көзқарасты трансформациялау аясында жүзеге асырылып, сарбаздарды даярлаудың неғұрлым саналы әрі дамуға бағытталған жүйесін көздейді.
Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиевтің айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – сарбаздардың бір жылдық әскери қызметін барынша тиімді, мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау.

– Жоба аясында әскери бөлімде заманауи инфрақұрылым қалыптастырылған. Атап айтқанда, дрондар аренасы, байланыс кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар сарбаздарға жаттығу кезінде фитнес-браслеттер беріліп, олардың денсаулығы мен физикалық белсенділігі тұрақты бақылауда болады. Сарбаздар спортпен жүйелі түрде айналысады: аптасына үш рет джиу-джитсумен жаттығады. Бұған қоса электронды тир, футбол алаңы, стритбол және воркаут алаңдары бар. Бір жылдық қызмет барысында сарбаздар ағылшын тілін меңгеріп шығады, шахматтан разряд алу мүмкіндігіне ие болады, спортпен күнделікті шұғылданып, джиу-джитсудан спорттық дәрежеге қол жеткізе алады. Яғни әскери қызмет тек міндет атқару емес, жеке даму кезеңі ретінде ұйымдастырылып отыр, – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Д.Ахмедиев «Sarbaz+» жобасы бір жылдық қанатқақты жоба екенін де атап өтті. Алдағы уақытта бұл жоба басқа әскери бөлімдерге де кезең-кезеңімен енгізілмек. Алдағы көктемгі шақыру кезінде тағы екі әскери бөлімді қосу жоспарланып отыр. Кейін жыл сайын екі-үш, одан да көп әскери бөлім қамтылып, жобаның ауқымы кеңейе түседі.
Астана – Алматы – Астана