Технология • Бүгін, 11:42

«Astana Motors»: Отандық көлік өнеркәсібіндегі серпіліс

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары отандық автокөлік өнеркәсібінде ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Бірақ, «Біздің зауыттар өндірмейді, дайынды құраумен айналысады» деген пікір де бар. Шын мәнісінде солай ма? Алматыда «Astana Motors» компаниясына қарасты зауыттар жұмысымен танысқанда, бұл саладағы даму көңіл қуантты.

«Astana Motors»: Отандық көлік өнеркәсібіндегі серпіліс

Жылына 120 мың көлік шығарады

«Astana Motors» компаниясы биыл қыркүйекте тағы бір іргелі жобаны іске қосты. Ол – Қытайдың жетекші үш автокөлік брендін, атап айтқанда «Chery», «GWM» (Haval, Tank) және «Changan» көліктерін өндіретін әлемдегі алғашқы мультибрендті зауыт – «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan». Бұл жолы біз ат басын бұрған бірінші кәсіпорын да осы еді.

Мұндағы мамандар бөлшектен бүтінді шығарады. Бастапқыда шанақ еш деталі жоқ, сұп-сұр темір қаңқа боп келеді. Оның іші-сыртындағы мыңдаған бөлшекті осы зауыт жұмысшылары өздері дәнекерлейді, ұсақ детальдан бастап өздері құрайды, бұрайды, сырлайды. Мұны «ұсақ түйінді әдіс» деп атайды екен. Соңында дайын көлікті алдыңызға көлденең тартады. Екі ауысыммен жұмыс істегенде жылына 120 000 көлік дайындайды.

AMMKZ зауытында да дәнекерлеуден бастап құрастыруға дейінгі кезеңде жалпы саны 54 робот қолданылады екен.

Бірақ, бұл «дайын асқа тік қасық» болу деген сөз емес. Жұмыстың үлкен бөлігін мамандар істейді. Қазір кәсіпорында 2450 адам бар. Толық қуатқа шыққанда штат 3600-ге дейін өседі деседі. Қарапайым жұмысшыдан бастап, цех басшысы, инженер дегендердің бәрі – жергілікті азаматтар, көпшілігі - осы Алматы облысының тұрғындары.

Бұған қоса «Astana Motors» көлік шығаруда локализацияны тереңдету ісіне де ерекше мән беріп отыр. Яғни, шетелдің дайын дүниесін құрай бермей, отандық үлесті ұлғайту керек.

«Astana Motors» Үкіметпен локализацияны тереңдету жөнінде диалог жүргізіп жатыр. Отандық үлес өсуі үшін автоөнеркәсіпке деген талапты арттыру қажет. Биыл кәсіпорындарымызда көліктің 30%-ы шанақты дәнекерлеу және бояу арқылы ұсақ түйінді әдіспен (CKD) өндірілді. Бұл бізде автокөліктің түпкілікті құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен AMMKZ зауыты іске қосылғаннан кейін ондағы модельдердің бағасы 12-19% төмендеді», дейді «Astana Motors» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

3

Компанияның түпкілікті көздегені – автокомпоненттер өндірісі есебінен локализацияны 5 жыл ішінде 51%-ға жеткізу.

«Жергілікті үлес 51%-дан асса автокөліктерімізді сырт елдерге кедендік тарифтерсіз өткіземіз», дейді «Astana Motors» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Компания басшыларының айтуынша, қызметкерлердің орташа жалақысы – 450 мың теңге. Медициналық сақтандыруды қызметкермен қоса отбасының тағы екі мүшесі пайдалана алады, оған тіс дәрігерінің қызметі де кіреді екен. Мың орындық заманауи асханада тамақ тегін беріледі. Ғимараттың ішінде, кеңсенің қақ ортасында өсімдіктің түр-түрі жайқалған қысқы бақ орналасқан. Одан әрі өтсеңіз фитнес-орталық, футбол, волейбол, баскетбол залдары, бокс секциясы жарқырап тұр. Оның бәрі тегін.

Автобөлшектер өзімізде жасалады

Бұдан әрі «Astana Motors» автокомпоненттер өндіру технопаркімен таныстық.

«Almaty Autoparts Production» кәсіпорны «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында өндірілетін «Hyundai Tucson» және «Santa Fe» моделдерінің орындығын шығарады. Қуаты жылына 100 мың орындық шығаруға жетеді. Зауытта қазір 150 жұмысшы бар. Екінші кезеңде орындық қаптау цехы іске қосылған соң жұмысшылар саны 350 адамға дейін өседі дейді. Компания басшысының айтуынша, бұрын мұндай орындықтар дайын күйінде Кореядан тасымалданып келіпті. Ол – үлкен шығын еді. Қазір соны өзіміздің мамандар жасауды үйреніп, тауар құны айтарлықтай төмендеп отыр. Бұл автокөлік бағасының сәл де болса арзандауына сеп.

3

Мультимедиялық жүйелер шығаратын «Kazakhstan Mobility Engineering» кәсіпорны да жылына 100 мың дана өнім дайындай алады. Мультимедиялық жүйе дегеніңіз – автокөліктің аудио-видео құрылғысы. Яғни, елімізде шығарылып жатқан «Tucson», «Elantra», «Palisade», «Santa Fe» және «Mufasa» секілді моделдерінің құрылғыларын өзіміздің Алматы қаласы мен Алматы облысынан шыққан мамандар жасап жатыр. Жоспар бойынша «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибрендті зауыты (Алматы) да өзінің автокөлік өндірісінде «Kazakhstan Mobility Engineering» кәсіпорны шығарған мультимедиялық жүйелерді қолданатын болады.

50 мың «Hyundai» көліктерін өндіреді

«Astana Motors» компаниясының «Hyundai Trans Kazakhstan» еншілес кәсіпорны – «Hyundai» жеңіл автокөліктерін өндіретін толық циклды зауыт. Өндіріс қуаты жылына 50 мың автокөлік шығаруға жетеді. 2025 жылдың соңғы 10 айында 43 665 автокөлік шығарылыпты. Жалпы 2020 жылдан бастап кәсіпорын 209 437  автокөлік өндірген екен.

3

Қазір мұнда «Hyundai» брендінің «Tucson», «Mufasa», «Sonata», «Elantra», «Santa Fe», «Palisade», «Staria», «Custin» және премиум санатындағы «Genesis» брендінің төрт моделі шығарылады. 2020 жылдан бері кәсіпорын мамандары «Hyundai Accent», «Hyundai Tucson», «Hyundai Santa Fe» модельдерін дәнекерлеу мен бояу ұсақ түйінді өндіру (CKD) әдісімен 1000-нан аса операцияны меңгеріпті.

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00