Бүгінде салада инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен баламалы энергия көздерін дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – энергетиктердің кәсібилігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Энергетиктер еңбегі – сенімді энергия, тұрақты экономика, жарқын болашақтың кепілі.
Еліміз еңбегімізді елеп, Президентінің қатысуымен марапаттап жатқаны үшін алғысымыз шексіз. Әрбір еңбекқор еңбекші-жұмысшының еңбегі ескеріліп, мерейі өскені – бізге үлкен мәртебе. Мәселен, менің әріптестерім учаске басшысы Санжар Әміриев пен инженер Алтынбек Кереев көптеген жұмысшы-еңбеккерді баулып, тәрбиелеп жүр. Келешекте олардың да қажырлы еңбегі өз бағасын алса деген тілек бар. Бір білерім, энергетика – көрінбейтін, бірақ шешуші күш. Сондықтан қиын жағдайда да жүйені тоқтатпай ұстап тұрған энергетиктерге құрмет әрқашан ерекше.
Қайырғали СИСЕКЕНОВ,
Батыс Қазақстан облысы электржелілерін тарату компаниясының көлік жүргізушісі
Мерейімізді өсірген құрмет
Энергетиктер күні қарсаңында сала қызметкерлері еңбектегі жетістіктеріне орай мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Салтанатты шарада энергетика саласының ел экономикасындағы стратегиялық рөлі атап өтілді.
Еңбек адамының, энергетика саласы қызметкерлерінің еңбегі ескеріліп, мерейімізді өсіргені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылының түйінделер уақытында осындай елеулі оқиғаға куә болып отырмыз.
Мемлекеттік наградалар –энергетиктердің кәсібилігіне, жауапкершілігіне, сондай-ақ ел экономикасының тұрақты дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға. Бұл іс-шара сала мамандарының мәртебесін арттырып, жас буынға үлгі көрсетті.
Әлия ЕЛЕМАНОВА,
Алматы энергетика және байланыс университетінің Доценті
Ел игілігі жолында еңбек ету – бақыт
Менің еңбек жолым 1981 жылы басталды. 44 жыл бір салада жұмыс істеу аз уақыт емес. Бұл бір адамның ғана емес, тұтас бір ғұмырдың еңбегі деп айтуға болады. Мен – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасымын. Осы өңірде, осы мекемеде еңбек еттім. Басқа жаққа ауысу деген ой болған жоқ. Себебі өз жеріңде, өз еліңе қызмет ету әрдайым маңызды болды.
Өндіріс үшін, ел үшін қандай пайда тигіздім деп ойласам, ең алдымен, жарықтың үзілмеуі, халықтың тыныш өмірі еске түседі. Электр жарығы көзге көрінбейді, бірақ онсыз тіршілік тоқтап қалады. Біз сол жауапкершілікті әрдайым сезініп жұмыс істедік. Қыстың суығында да, жаздың аптабында да желі қалпына келсін деп, күн-түн демей еңбек еттік.
Бұрын техника да аз еді, мүмкіндік те шектеулі болды. Қазір жағдай өзгерді, еңбекке деген көзқарас та, бағалау да басқаша. Бүгін осындай марапат алып отырғаным үшін ең алдымен, мемлекетке, ел басшылығына алғыс айтамын. Еңбекті ескеріп, қарапайым жұмысшыға дейін назар аударып отырғаны қуантады.
Астанаға арнайы келіп, осындай құрметке ие болу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл тек менің емес, менімен бірге жұмыс істеген барлық әріптесімнің, энергетика саласында маңдай терін төккен жандардың еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын.
Қанатбек ЕРДІЛДӘ,
«Жамбыл электр желілері» шебері