Білім • Кеше

Бәсекеге қабілеттілік өлшемі

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты биылғы тамыз конференциясында қазір – білім мен ғылымның заманы екенін ерекше айтқан еді.

Бәсекеге қабілеттілік өлшемі

«Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Кейінгі жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашылды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр», деген болатын ел Президенті.

Шынында, «Келешек мектептері» – заманауи технологияға негізделген, оқушының жеке қабілетін дамытуға бағытталған инновациялық білім ордасы. Мұнда цифрлық инфрақұрылым, жаңа педагогикалық тәсілдер және оқушының сауаттылығын күшейтуге арналған тиімді оқыту әдістері қолданылады. Өз кезегінде интерактивті оқу модульдері, жасанды интеллект жүйелері, зертханалық орталықтар мен шығармашылық кеңістіктер білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Негізінде «Келешек мектептері» оқушының жан-жақты дамуын, алған білімін нақты тәжірибемен ұштастырып, болашақта пайдасы тиер кәсіби бағдар алып шығуын көздейді. Сондай-ақ жаңа буын мектептері білім беру үдерісінде қауіпсіз, орта қалыптастырып, оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын ерте жастан дамытуға жағдай жасайды. Креативті ойлау, цифрлық мәдениет дәл осы мектептер ұстанатын басты бағыт саналады.

ааа

Республиканың үшінші мегаполи­сінде де Президент тапсырмасымен бірнеше «Келешек мектебі» бой көтерді. Солардың бірі – Шымкенттің Әл-Фараби ауданында орналасқан, биыл қаңтар айын­да есігін айқара ашқан №148 «Келешек мектебі».

«Алғашында 691 оқушымен балаларды оқыта бастаған білім ордасында бүгінгі таңда мың бала білім алып жатыр. Бір ауысымда оқитын оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мектепішілік бірнеше үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, дебат ойын­дары бар. Ал бастауыш сынып оқу­шы­лары қуыршақ театрына немесе би мен сурет үйірмелеріне қатысады. Соны­мен қатар мұғалімдер жоғары сынып оқушыларын сахна өнеріне баулумен айналысады. Жалпы, «Келешек мек­теп­тері» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды ұлттық жоба. «Келешек мектептерінің» бір ерекшелігі – ондағы сыныптар кең әрі жарық болады, сондай-ақ, заманауи зертханалар, әдемі кітапханалар мен жайлы спорт залдары, қауіпсіз ойын алаңдары бұл білім ұясын басқа мектептерден даралап тұрады. Мұндай жайлы орта баланың білімге құштарлығын оятары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, «Келешек мектебінде» оқушының алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған», деді №148 «Келешек мектебінің» директоры Ұлжалғас Бақтиярқызы.

Мектеп басшысының айтуынша, қазіргі заманның қарқынды дамуы білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе оқушыларды болашақ мамандыққа ерте бағыттау – олардың қызығушылығы мен қабілетін уақтылы анықтауда маңызды рөлге ие. Сол себепті білім ұясында роботтехника, химия, биология сабақтары заманауи тұрғыда жабдықталған зертханалар бар. Одан бөлек, мектептегі зертханалар интерактивті панель, қауіпсіз химиялық құралдар, биологиялық микроскоптар, робот құрастыруға арналған модуль және бағдарламалау платформаларымен толық қамтамасыз етілген. Сол үшін оқушы тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибе жасап, ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіре алады. Жоғарыда айтылған роботтехника сабағында оқушылар робот құрастырып, олардың қозғалысына бағдарлама түзеді, робот жасауда түрлі сенсорлар қолданады. Бұл пән біріншіден, логикалық ойлау қабілетін дамытады, екіншіден, инженерлік мәселелерді шешуге, топпен бірге жұмыс істеуге үйретеді дейді педагог. Роботтехникамен айналысқан балалар болашақта IT, инженерия, автоматика және жасанды интеллект салаларын еркін меңгерген маман болып шығады.

Сондай-ақ ЖИ көмегімен химия зертханаларында оқушылар ерітінділерді да­йындап, реакциялардың жүру жылдам­дығын зерттеп, заттардың қасиетін анықтайды. Мұндай тәжірибелер арқылы олар ғылыми дәлдікке үйренеді, зерттеу әдістерін меңгеріп, экологиялық сауатын ашады. Химияға қызыққан оқушы келешекте медицина, фармацев­тика, экология, химиялық технология ма­мандықтарына таңдау жасайтыны бел­гілі. Ал биология зертханалары микро­с­копиялық зерттеулерге, ДНҚ модель­дерімен жұмыс істеуге, экологиялық үдерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл сабақтар табиғат құбылысын ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Ұ.Бақтиярқызының пікірінше, биология пәні оқушылардың бойында биотехнология, генетика, медицина ғылымына деген қызығушылығын оятады. Қысқасы, баланың ішкі қабіле­тін ашуға «Келешек мектебінде» бар мүмкіндік қарастырылған.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Заңнамадағы оң өзгерістер

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Тиімділік пен ашықтық үйлесімі

Экономика • Бүгін, 08:33

Қарулы күштер қуаты

Айбын • Бүгін, 08:30

Шапшаң тілмаш

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:55