Егемен Қазақстан • Бүгін, 07:50

Ел газетіне – 106 жыл

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғасырдан аса уақыт халқымен бірге жасасып, елдің қуанышында да, қайғысында да тіршілік қазанында бірге қайнаған ұлт үнпарағы – «Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көре бастағанына 106 жыл толды.

Ел газетіне – 106 жыл

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Газетіміздің ең алғашқы нөмірі 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» деген атпен оқыр­манға жеткені мәлім. Ол уақытта қазақ қоғамы араб қарпі негізіндегі төте жазуды қолданатын. Тарихқа «Ахмет Байтұрсынұлының жазуы» болып енген қаріп кейін жетілдірілді. Ал­ғашқы нөмірдің бірінші бетінде Бер­нияз Күлейұлының «Ұшқынға» деген тақырыппен құттықтау өлеңі, «Оқушы­ларға» (қазіргіше оқырмандарға) және «Жалпы қазақ сиезіне әзірленіңдер» деген екі мақала басылыпты.

«Құтты болсын,

жас «Ұшқыным», қадамың,

Алға бассын ақ ниетті талабың.

Тілеуіңде үлкен, кіші азамат,

Еркін үшін еңіреген қазағың.

 

Бұл «Ұшқыннан» еркін жоспар табарсың,

Ен далаға ерінбестен барарсың.

Ауылды, ерікті жерді сәулелендіріп,

Ел ошағы ортасында жанарсың.

 

Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа,

Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма?

Ару азып, ел үркек боп, жер тозып,

Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма?

 

Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал,

Ертеде еркін өткен күнін ойыңа ал.

Елді жерден, ерді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп, жолыңа ал.

Біз де артыңнан елі қалмай ерерміз.

Оймен ақыл, қолмен қуат берерміз.

Елге ерік, жерге көрік әпермей,

Жүрсек бірге, өлсек бірге өлерміз!»

деп жырлайды біртуар ақын.

«Ұшқын» газитасының мақсұты – шаруа халқына бас-көз болу. Түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақтандыру... Қаны бір, тілегі дұрыс жас газитін қазақ елі һәм жүрегінде қазақ қаны бар азамат жатырқамас. Қолынан келгенінше пайдалы деп білгенін жазып тұрар. Ел қамы, ел тілегі үшін «Ұшқынның» қойны ашулы, ниеті дұрыс. Білген кісіге «Ұшқын» елдің ақ ниетті, адал тілекті бір баласы, қашанда болса елін ренжітпес, анасының ақ сүтін ақтар» деп жазылған «Оқушыларға» атты бас мақалада.

Еліміз азаттық алғанан кейін 1994 жылы «Егеменнің» 75 жылдығына арналған мерейтойлық нөмірінде «Газет­тің алғашқы керуенбасылары» атты мақала жарық көрген. Оқып отырсақ, басылым өмірге келгелі ұлт оқығандары мен қайраткерлерінің осы газетте қызмет істемегені кемде-кем екен. Алаш арыс­тары Смағұл Садуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулат­ұлы бас­тап, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы секілді алыптар басшылық еткен.

Ең алғашқы нөмірде жазылғандай, «мақсұты – халқына бас-көз болу» жолынан біздің басылым ешуақытта айныған емес. Азаттық алғанымыз туралы хабарды да алғаш болып таратып, ақсарбас айтқанын бұған дейін жазған едік. Ал жаңа заман орнаған соң, ғасырдан астам тарихы бар бас газет интернеттің иіріміне жұтылып кетпей, ұлтқа қызмет жолынан айнымастан, ақпарат айдынындағы жемісті қызметін жалғастырып келеді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дең­гейіндегі басылымның елдік мүдде жо­лындағы алар асуы биік бола бергей! 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00