Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Газетіміздің ең алғашқы нөмірі 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» деген атпен оқырманға жеткені мәлім. Ол уақытта қазақ қоғамы араб қарпі негізіндегі төте жазуды қолданатын. Тарихқа «Ахмет Байтұрсынұлының жазуы» болып енген қаріп кейін жетілдірілді. Алғашқы нөмірдің бірінші бетінде Бернияз Күлейұлының «Ұшқынға» деген тақырыппен құттықтау өлеңі, «Оқушыларға» (қазіргіше оқырмандарға) және «Жалпы қазақ сиезіне әзірленіңдер» деген екі мақала басылыпты.
«Құтты болсын,
жас «Ұшқыным», қадамың,
Алға бассын ақ ниетті талабың.
Тілеуіңде үлкен, кіші азамат,
Еркін үшін еңіреген қазағың.
Бұл «Ұшқыннан» еркін жоспар табарсың,
Ен далаға ерінбестен барарсың.
Ауылды, ерікті жерді сәулелендіріп,
Ел ошағы ортасында жанарсың.
Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа,
Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма?
Ару азып, ел үркек боп, жер тозып,
Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма?
Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал,
Ертеде еркін өткен күнін ойыңа ал.
Елді жерден, ерді еріктен айырған,
Дұшпаныңды табан тіреп, жолыңа ал.
Біз де артыңнан елі қалмай ерерміз.
Оймен ақыл, қолмен қуат берерміз.
Елге ерік, жерге көрік әпермей,
Жүрсек бірге, өлсек бірге өлерміз!»
деп жырлайды біртуар ақын.
«Ұшқын» газитасының мақсұты – шаруа халқына бас-көз болу. Түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақтандыру... Қаны бір, тілегі дұрыс жас газитін қазақ елі һәм жүрегінде қазақ қаны бар азамат жатырқамас. Қолынан келгенінше пайдалы деп білгенін жазып тұрар. Ел қамы, ел тілегі үшін «Ұшқынның» қойны ашулы, ниеті дұрыс. Білген кісіге «Ұшқын» елдің ақ ниетті, адал тілекті бір баласы, қашанда болса елін ренжітпес, анасының ақ сүтін ақтар» деп жазылған «Оқушыларға» атты бас мақалада.
Еліміз азаттық алғанан кейін 1994 жылы «Егеменнің» 75 жылдығына арналған мерейтойлық нөмірінде «Газеттің алғашқы керуенбасылары» атты мақала жарық көрген. Оқып отырсақ, басылым өмірге келгелі ұлт оқығандары мен қайраткерлерінің осы газетте қызмет істемегені кемде-кем екен. Алаш арыстары Смағұл Садуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы бастап, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы секілді алыптар басшылық еткен.
Ең алғашқы нөмірде жазылғандай, «мақсұты – халқына бас-көз болу» жолынан біздің басылым ешуақытта айныған емес. Азаттық алғанымыз туралы хабарды да алғаш болып таратып, ақсарбас айтқанын бұған дейін жазған едік. Ал жаңа заман орнаған соң, ғасырдан астам тарихы бар бас газет интернеттің иіріміне жұтылып кетпей, ұлтқа қызмет жолынан айнымастан, ақпарат айдынындағы жемісті қызметін жалғастырып келеді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деңгейіндегі басылымның елдік мүдде жолындағы алар асуы биік бола бергей!