Фото: istockphoto.com
2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың наурызына дейін сотталушы С. қызметкерлердің жеке деректеріне қол жеткізген. Кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсетіледі деген желеумен және басқа да ойдан шығарылған себептермен әріптестерін адастырып, оларды микроқаржы ұйымдарында онлайн бейневерификациядан өткізген.
«Заңға қайшы ниеттерінен бейхабар болған мектеп қызметкерлері оған сеніп, бейневерификациядан өтіп, өздерін кәсіподақ көмегін алу рәсіміне қатысып жатырмыз деп ойлаған. Кейін мақұлданған несиелер С.-ның банк шотына аударылған. Алынған қаражаттың аз ғана бөлігі материалдық көмек ретінде қызметкерлерге беріліп, қалған соманы ол өз қалауынша жұмсаған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде С. микроқаржы ұйымдарына жалпы сомасы 3,6 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген. Сотта С. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді», делінген Сот хабарламасында.
Істің мән-жайын, жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілік деңгейін, сотталушының жеке басын және жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың бір бөлігінің өтелгенін ескере отырып, сот С.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу, жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілеу және 5 жылға кәсіподақ төрайымы лауазымын атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
«Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» Заңның 3-бабы 4-тармағына сәйкес, сотталушының жаза мерзімі қысқартылып, 2 жыл 9 ай 18 күн бостандығын шектеу түріндегі жаза түпкілікті белгіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.