Барлық тұрмыстық жағдайы жасалған баспана 1981-2002 жылдары туған Ақдала ауылы тұрғындарының ортақ күшімен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбірі өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Ауыл азаматы өзіне тиесілі жер телімін қайырымдылық мақсатта тегін сыйға берген.
Баспана табыстау рәсіміне ауыл тұрғындары қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақ тілектерін арнады. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жастардың басын қосып, қайырымды іске бастамашы болып жүрген белсенді азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Еңбегі еленген азаматтарға құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.
Айта кетейік, Ақдала ауылының белсенді жастары бұған дейін де асар дәстүрімен бір мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз еткен болатын. Алдағы уақытта ауыл жастары қайырымдылық пен өзара қолдауға негізделген бұл игі бастаманы жалғастырып, мұқтаж отбасылар үшін тағы бір жаңа баспана салуды жоспарлап отыр.