Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов, «ZHERSU» ИПК бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер әрі меценат Бауыржан Оспанов, сондай-ақ олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрбек Оралбай, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрмахан Тыналиев және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Диас Есдәулетов өңір әкімі атынан жұртшылықты жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, спорт саласын дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс құрылғаннан бері Жетісуда 32 жаңа спорт нысаны салынды, үшеуі күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы үш спорт нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Лепсі ауылында ашылған кешен оқу-жаттығу базасы мен жатақханасы бір аумақта орналасқан толыққанды спорт орталығы. Бұл ауыл жастарына жаңа мүмкіндік беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деп сенеміз», деді ол.
Спорт кешені 160 адамға, ал жатақхана 244 орынға шақталған. Нысан бюджет қаражаты есебінен салынған. Сонымен қатар «ZHERSU» ИПК тарапынан жобаға кірмеген қосымша спорт жабдықтарын сатып алуға демеушілік көмек көрсетілген. Қазіргі таңда мұнда грек-рим және еркін күрес, бокс, дзюдо, шаңғы спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істеп тұр. Бұл секцияларда 250 бала жаттығады. Әзірге 10 жаттықтырушы еңбек етсе, алдағы уақытта мамандар саны артпақ. Сонымен бірге футбол, волейбол және баскетбол секцияларын ашу жоспарланған.
Көпфункционалды спорт кешені төрт негізгі блоктан тұрады. Онда татамиі бар күрес залы, жекпе-жекке арналған арнайы зал, волейбол мен баскетболға арналған ойын залдары, тренажер залы, душ және киім ауыстыратын бөлмелер, дәрігер, психолог, массаж кабинеттері, конференц-зал, асхана, сондай-ақ әкімшілік және қосалқы бөлмелер толық қарастырылған.
Ауыл тұрғыны Асқар Хавкей жаңа спорт мектебінің ашылуына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, кешенде балалардың спортпен шұғылдануына және денсаулығын нығайтуына барлық жағдай жасалған.
Ал жас спортшы Жанат Кенжебайұлы жаңа жаттығу залының алғашқы келушілерінің бірі болғанын атап өтті. Ол бұрын дзюдомен ауыл мектебінде айналысқанын, енді жаңа кешеннің мүмкіндігі мол екенін айтты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Жетісудың қала және аудан спорт мектептерінде 23 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорттың 61 түрімен шұғылданады. Ал өңір халқының 42 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады.