«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қалалық филиалының мәліметінше, биыл 245 мыңнан астам кемшілік анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Кемшіліктердің басым бөлігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Сонымен қатар қызмет сапасына қатысты 300-ден астам арыз-шағым түскен. Оның 148-і негізсіз болғандықтан, науқастардың өздері шағымын қайтарып алған. Олардың көбі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі сияқты мәселелерге қатысты», делінген ведомствоның ақпаратында.
Жалпы бүгінде қалада 177 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 34-і — мемлекеттік, 143-і — жекеменшік клиника және 43 стоматологиялық қызмет көрсету мекемесі бар.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қалалық филиалының мәліметіне сүйенсек, Шымкентте 1 млн астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеп келеді. 232 мың адам сақтандырылмаған. Алайда қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азамат бар.