Мирас • Бүгін, 08:20

Тазының қабілеті таразыланды

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында қазақы тазыға арналған құм қоян бойынша аңшылық сынақ өтті. Дала жағ­дайында 15 тазы өздері­нің жылдамдығын, төзім­ділігін, иіс сезгіштігін, аңшылық шеберлігін көрсетті.

Тазының қабілеті таразыланды

Бұл кезең – Астана ма­ңында ор қоянға өткен сынақтардың қисынды жалғасы, қазақы тазының әр­түрлі қоян түрін аулаудағы әмбебаптығын дәлелдеді.

«Қазақы тазы – халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы. Оны нақты дала жағдайында, нағыз аңда жүйелі түрде сынамасақ, тұқымның шынайы аңшылық қасиеттері біртіндеп жоғалуы мүмкін. Жобаның түпкі мақсаты – қазақы тазыны аң аулайтын, заманауи ұлттық аңшылық тұқым ретінде сақтап, дамыту», дейді ұйымдастырушылар.

Мамандардың пікірінше, ор қоян (русак) мен құм қоян (толай) екеуінің әрекеті екі бөлек. Ор қоян көбіне ашық, жазық жерде кездеседі. Негізгі ерекшелігі – жоғары жыл­дамдықпен түзу бағытта ұзақ қашады. Сол се­бепті, иттің ұзақ қашықтықта жылдамдықты ұстап тұру қабі­леті сыналады.

Құм қоян жер бедері күрде­лірек, бұрылысы көп өңірде жиі ұшырасады. Жүгіру бағытын жиі өзгертеді, күтпеген жерден бұрылып кетеді. Иттен өте жедел әрекетті, жоғары икем­ділікті, «ойлай жүріп қуу», яғни тактикалық интеллектіні талап етеді. Сондықтан жоба аясында Астана маңында ор қоянға, Алматы облысында құм қоянға сынақ өткізу кездейсоқ емес. Егер тазы екі жағдайда да әбжілдігін көрсетсе, бұл оның әмбебап аңшы екенінің айқын дәлелі.

Еліміздің кинологтер одағы қазақы тазы мен қазақы төбетке қатысты бірыңғай асылдандыру саясатын жүргізу, яғни көрмелер, тұқымдық байқаулар, далалық сынақтарды жүйелі өткізу, ұлттық тұқымдарды халық­аралық деңгейде мойын­датуды басты міндет санайды. Сондай-ақ осы бағытта бірыңғай электрондық тұқым кітабын жүргізу, шежіре, ДНҚ, денсаулық, жұмыс нәтижесі тура­лы мәліметтер базасына енгізу, мемлекеттік органдармен бірге ұлттық тұқымдарды қолдауға бағыт­талған бағдарламаларға қатысуға айрықша басымдық бере отырып, ұлттық кинологиялық жүйені қалыптастыруды көз­дейді.

«Жарыс өткізу жүлде алу емес, жүйені дамыту тұрғысында маңызды. Ұлт қазынасы – қазақы тазы сайын далада, іс жүзінде өз деңгейін көрсетуі керек. Қазақы тазыға арналған бірыңғай да­лалық сынақ жүйесін құрып жатырмыз. Бүгінгі хаттамалар мен жинақталған деректер ер­тең асылдандыру бағ­дарла­маларына, одан кейін халық­аралық мойындауға негіз болады. Ең қуаныштысы, бұл бастаманы аңшылар да, кинологтер де, тазы өсірушілері де қолдап отыр», дейді жарысты ұйымдастырушы Қазақстан Кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Тазы баптаушы, «Nomad» ұлттық аңшылық клубы қоғам­дық қорының жетекшісі әрі жеңімпаз тазы Әрекеттің иесі Болат Құнанбаев та жарыстың ерекшелігін тілге тиек етті.

«Әрекет – әлі өте жас тазы, небәрі бір жарым жаста. Соған қарамастан, оның қоян, түлкі, елік сияқты олжаға шыққан жақсы аңшылық тәжірибесі бар. Алғашқы қоянын сегіз айлығында алған, бұл – тазыға өте жоғары көрсеткіш. Бүгін алғаш рет өзіне бейтаныс жер бедерінде қабілетін көрсетті, сондықтан бұл сынақтар бізге де, аңшылық ит ретінде оның өзіне де құнды тәжірибе болды. Осындай ауқымды әрі шын мәнінде қажетті іс-шараны ұйымдастырған Кинологтер ода­ғына алғыс білдіремін», деді ол.

Құм қоянды қуу арқылы қа­зақы тазының аңшылық қабі­леті сыналған жарыс қоры­тындысында алғашқы екі орынды «Nomad» ұлт­тық аңшылық клубының Әрекет, Адырна атты қос тазысы иеленсе, жүлделі үшінші орынды есімі елге танымал құсбегі Ернар Мүп­текеевтің Қабыланы қанжығалады.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50