Әлем • Бүгін, 10:23

Бристоль музейіндегі 600-ден астам құнды экспонат қолды болған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тонаушылар музей қоймасынан Британ империясының тарихына арналған коллекциядағы әскери реликвияларды, зергерлік әшекейлерді, қазба қалдықтарын және піл сүйегінен, қола және күмістен жасалған мүсіншелерді ұрлап кеткен, деп жазады Egemen.kz.

Бристоль музейіндегі 600-ден астам құнды экспонат қолды болған

Фото: Bristol Museum & Art Gallery (Facebook)

Ұрлық 25 қыркүйекке қараған түні болған. Бристоль қалалық кеңесінің өкілі мәлімдегендей, билік алдын ала тергеу жұмыстары аяқталғанша ақпаратты жарияламауды жөн көрген. Сонымен қатар архив қызметкерлеріне нақты қандай заттардың жоғалғанын анықтау үшін уақыт қажет болған. Музей қоймасынан мәдени және материалдық тұрғыдан аса құнды 600-ден астам зат ұрланғаны туралы BBC-дің Ресейдегі қызметі хабарлаған.

«Бұл артефактілер XVIII ғасырдың соңынан XX ғасырдың соңына дейінгі кезеңде Британия мен бұрын Британ империясының құрамына кірген елдер арасындағы байланыстарды құжаттайтын коллекцияның бір бөлігі еді. Коллекция көптеген мемлекеттер үшін мәдени маңызға ие. Бұл артефактілер Британ империясының қызметіне қатысқан әрі одан зардап шеккен адамдардың өміріне қатысты баға жетпес деректер», деді Бристоль қалалық кеңесінің мәдениет және креативті индустриялар департаментінің жетекшісі Филип Уокер.

Полиция ұрлықтан кейінгі бейнебақылау жазбаларынан алынған 4 ер адамның фотосуреттерін жариялап, оларды таныған немесе ұрланған заттарды онлайн сату алаңдарында байқап қалған барлық азаматтарды хабарласуға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін қазан айында Лувр музейі де тоналып, Наполеон дәуіріне қатысты зергерлік бұйымдар ұрланған еді. Францияда тергеу әлі жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар