Мәселе неліктен ушығып отыр?
Мәжіліс қолданыстағы Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізді. Өйткені батыс өңірін энергиямен қамтып отырған жалғыз стратегиялық нысан қарызға белшесінен батқан. Заң жобасы төңірегінде баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазір МАЭК-тің бір ғана газ жеткізушіге берешегі 20 млрд теңгеге жетіпті. Инфрақұрылымы да сыр берген. Депутаттар коммуналдық кәсіпорынның мұндай жағдайына шүйлігіп отыр.
– Компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге менеджментінің қауқары жетпей ме? Бұл ретте басқару тиімділігі мәселесі де өзекті болуы ықтимал. Егер компания өз міндеттемелерін уақтылы орындай алмаса, тариф саясатын қайта қарастыру қажет шығар. Себебі салықтық жеңілдіктер беру мәселені ішінара ғана шешеді, – дейді талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев.
Өз кезегінде Еділ Жаңбыршин менеджменттің де әсері болуы мүмкін екенін, алайда объективті факторлардың да бар екенін атап өтті.
– Біріншіден, газ бағасының электр энергиясының құнынан бұрын өсуі елеулі ықпал етеді. Мысалы, 2022 жылы газ бен электр энергиясы тарифтері арасындағы айырмашылық 10% болған. Бұған газ бағасының әр жылдың 1 шілдесінде, ал электр энергиясы тарифінің келесі жылдың 1 қаңтарында бекітілетіні – себеп. Осылайша, 2023 жылы айырмашылық 14%-ға, 2024 жылы 15%-ға жетті. Одан бөлек, минимум энергияны тұтыну кезінде МАЭК 140 мвт артық қуатпен жұмыс істеуге мәжбүр, себебі құрал-жабдықтарды тоқтатуға болмайды. Мұндай жағдайда кәсіпорын электр энергиясын 2–8 теңге деңгейінде сатуға мәжбүр, ал оның нақты өзіндік құны 22 теңгеден асады. Яғни компания шығынмен жұмыс істеп отыр, – дейді ол.
Құрал-жабдығы әбден тозған МАЭК-ке былтыр республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі талап бойынша мекеме соның 1 млрд теңгесін салық ретінде мемлекетке кері қайтаруға тиіс.
– Биыл да Үкімет резервінен бұл мекемеге 5 млрд теңге бөлінді. Кәсіпорында неге қаржылық қиындық туындап отыр? Сауықтыру жөнінде бір нақты жоспар бар ма? Әлде біз жыл сайын бюджеттен қаржы бөліп қарызды өтейміз бе? – дейді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Бұл ретте Энергетика министрлігі өкілдері тұтынушылардың МАЭК-ке қарызын уақтылы төлемеуі де жығылғанға жұдырық болып отырғанын айтады.
– Бүгінде МАЭК-тің жөндеу қорын 2023 жылғы 6 млрд теңгеден 2025 жылы 15 млрд теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, табысының артуына мүмкіндік береді. Қазір мекемеде қуаты 160 мвт болатын бу газы қондырғысы салынып жатыр. Ол шығынды азайтып, табысты көбейтуге сеп болады. Сондықтан жыл сайын қосымша қаржы бөлу қарастырылмаған, – дейді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Біраз талқыдан соң, депутаттар МАЭК-ті салықтан босататын заң жобасын қабылдады. Яғни мемлекет бөлген субсидиядан енді табыс салығын төлемейді. Осы орайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинді сөзге тартып, Жаңа норманың артықшылығын егжей-тегжейлі сұрадық.
– Салық кодексінің 313-бабы 1-тармағына сәйкес, салық салынатын табыс 20 пайыздық мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығына жатады. Мұндай жағдайда корпоративтік табыс салығын төлеу мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі. Мұндай тәсілмен жоспарланған жөндеу жұмысы да толық атқарылмай келеді. Заң осы олқылықты түзетуге бағытталған. Бірақ бұл норма – уақытша. 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана осылай белгіленіп отыр. Аталған түзетуге Үкімет те оң қорытындысын берді, – деді депутат.
Қазақстан мен Моңғолия зейнетақы төлемдері туралы келісімге келді
Моңғолиядан келген қандастар енді зейнетақы қорындағы ақшасын Қазақстанға аудара алады. Бұл 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылмақшы. Мәжіліс тиісті құжатты ратификациялады.
Жалпы отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Виктория Шегай заң жобасын іске асыру халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын нығайтуға, екі ел арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал ететінін айтты.
– Құжат екі ел азаматтарының басқа мемлекетке қоныс аударған кезінде еңбек өтілін өзара тану және есептеу тәртібін белгілейді. Келісім Қазақстандағы еңбек сіңірген жылдар үшін берілетін зейнетақыларға және Моңғолиядағы әскери қызметкерлердің зейнетақысына әсер етпейді. Төлемдер азамат тұрақты тұратын елдің заңнамасына сәйкес тағайындалады. Еңбек қызметінен бөлек, әскери борышын өтеу кезеңі, жоғары және арнайы техникалық оқу орындарында білім алу мерзімдері де енгізіледі, – деді В.Шегай.
Бүгінде елімізде Моңғолиядан тұрақты тұру үшін келген шамамен 6 600 азамат бар. Олардың 6 100-і – этностық репатрианттар. Министрліктің ақпараттық жүйелері бойынша тарихи отанына оралған шамамен 1 800 адамға зейнетақы тағайындалған. Келісім күшіне енсе, шамамен 400 адамның еңбек өтілі қайта есептеледі. Бір жақсысы, бұған республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді. Талқылау қорытындысында Мәжіліс депутаттары заң жобасын қолдап, Сенатқа жолдады.
Қаруды сақтау мен пайдалану талаптары қатаңдайды
Жалпы отырыста жекеменшік күзет ұйымдары мен қару иелеріне қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтетін күзет қызметі туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Мәжіліс депутаттары әзірлеген. Оған сәйкес азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруы иелері қаруын тексеру атысы үшін тапсыруға тиіс. Бұл процедура уақтылы орындалмаған жағдайда Ішкі істер министрлігі бірінші және екінші санаттағы рұқсаттардың күшін уақытша тоқтатады.
– Заңда күзет қызметін ұсынушылар үшін жаңа міндеттемелер белгіленді. Олар уәкілетті органға міндетті түрде есеп беруі, қызметті тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс. Жеке күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларына, сондай-ақ қарапайым күзет қызметкерлеріне міндетті талаптар енгізіледі. Құжатқа «Әскерилендірілген теміржол күзеті» тұжырымдамасы енеді. Оның міндеті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен заттарды үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов.
Кеден саласын жетілдіру керек
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралған соң, депутаттық сауалдар жария етілді. Жиында Таловая өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін жаңғырту, фармацевтика саласындағы әлеуметтік төлем жүйесін шектеу және әлеуметтік карталарды енгізу, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді әділ қаржыландыру сынды мәселелер көтерілді.
Депутат Болат Керімбек кеден саласын жетілдіруге қатысты ұсынысын жеткізді. Оның айтуына қарағанда, 2024–2025 жылдары тәуекелді басқару жүйесі (ТБЖ) арқылы іріктелген компаниялардың жартысынан астамында ешқандай бұзушылық анықталмаған. Соған қарамастан, субъектілерді тексеру кезінде тауар айналымы уақытша тоқтатылыпты. Мұның бизнеске қолайсыздығы ғана емес, нақты экономикалық салдары бар көрінеді.
– Жеткізу мерзімі бұзылады, логистикалық шығын артады, келісімшарт орындалмайды, бәсекеге қабілеттілік төмендейді, қаржылық шығын өсіп, тауар айналымы азаяды. Тіпті, тауарлар кеденде екі айға дейін тұрып қалып, нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған жағдайлар орын алады. Қолданыстағы тәжірибе кеден органдары қызметінің әлі де шамадан тыс фискалдық және репрессивтік сипатта екенін көрсетіп отыр, – деген «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек бұл жағдай негізінен елдің халықаралық беделіне де теріс әсерін тигізіп отырғанын мәлімдеді.
Мәселен, Дүниежүзілік банк әзірлейтін Логистиканың тиімділік индексінде (LPI) Қазақстан 2010 жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін төмендетіп, қазір 79-орынға жайғасқан. Аталған рейтинг инвесторлар мен халықаралық серіктестер үшін маңызды индикатор екенін ескерсек, бұл – маңызды сигнал. Депутат Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге төмендегідей ұсыныс тастады.
– Халықаралық тәжірибеге сай, сараптама аяқталғанға дейін тауарларды уақытша шығаруды кеңінен қолдану; анықталған бұзушылықты талдау арқылы олардың формальды, техникалық және нақты құқық бұзушылықтарға арақатынасын айқындау; сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен профилактикалық және түсіндіру жұмысын күшейту, үлгілік қателер мен ұсынымдарды жүйелі түрде жариялау. Жеңілдетілген рәсімдерге қол жеткізу үшін уәкілетті экономикалық оператор (УЭО) мәртебесін алу ынталандыру тетіктерін кеңейту; цифрландыруды тереңдету және артық әкімшілік кедергіні жою арқылы бұзушылық санын азайтуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеу керек, – дейді Б.Керімбек.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елдегі үш ірі ұялы байланыс операторының тарифтерін 20%-ға көтеру жоспарын сынап, бұл әрекеттің нарықтағы бәсекелестікті шектеу қаупін тудыратынын айтып, сауал жолдады.
– Елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған отандасымыздың қалтасына салмақ салатын шешім. Президенттің «Жеке монополия – мемлекеттік монополиядан да сорақы» деген сөзі дәл осындай жағдайларға бағытталып айтылғандай. Әдетте бәсекелі нарықта әр оператор өз стратегиясын бөлек-бөлек жасайды. Бірі бағаны төмендетеді, бірі акция жасайды, енді бірі қосымша қызмет ұсынады. «Теле 2», «Алтел», «Билайн» сынды үш ірі оператордың бір уақытта тариф көтеруі нарықтағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің белгісі сияқты көрінеді. Осы жағдай ұялы телефон мен интернет қызметін жеткізу секторында монополиялық келісім фактілерін тексеруді қажет етеді. 2023 жылдан бері байланыс тарифтері 7–57% аралығында қымбаттапты. Республика көлемінде 18,8 миллион азамат мобильді интернетке тәуелді. Бұл цифрлар – мобильді байланыс қазір жай қызмет емес, елдің цифрлық тұтастығын ұстап тұрған стратегиялық ресурс екенін дәлелдейді, – деді Ж.Әшімжан.
Мінберден соң
Жалпы отырыстан кейін депутаттар бірқатар сұраққа жауап берді. Мәселен, депутат Мұрат Әбеновтен ұшақ билеттерінің қымбаттауына қатысты пікір алдық. Өйткені авиакомпанияларға берілген жеңілдіктер мен қайтарылмайтын билеттерді сатуға рұқсат берілгеніне қарамастан, жолаушылар әлі де қолдан көтерілген бағалар мен құқық бұзушылықтарға тап болып отыр.
– Билет құнының төмендегенін байқамадық. Тіпті бір ай бұрын брондасаң да, сол баға. Негізінен ішкі рейстегі әуе билеттерінің қымбаттауына еш негіз жоқ. Оның үстіне авиакомпаниялардың билетті қайтару кезіндегі әділетсіздігі тағы бар. Олар ақшаны қайтарудың орнына үш ай ішінде қолдануға тиіс сертификат береді. Авиация саласындағы лоббистік әрекеттерді тоқтатып, бақылауды қайтару керек. Алдағы заң жобасында авиакомпанияларды тексеруге рұқсат беру, кешігу, бортты ауыстыру сияқты жағдайларда компанияларға айыппұл салу, жолаушылардың сотқа жүгіну құқығын қалпына келтіру ұсынылып жатыр, – деді М.Әбенов.
Сондай-ақ депутат кейінгі кездері қоғамда жиі талқыланып жүрген зейнетақы жинақтарын стоматологиялық емге пайдалануға шектеу қоюды қолдамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, елде тіс емдеу өте қымбат әрі халықтың басым бөлігінде стоматологиялық проблемалар бар. Ол министрлік бұл шешімді Отбасы банкінің қысымымен қабылдады деп есептейді, себебі банк зейнетақы қаражатының өздерінде сақталғанын қалайды.
Ал «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтен балалардың смартфон мен әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеуге қатысты ойын білдік. Депутат бұл мәселеде тыйым салу жеткіліксіз екенін тілге тиек етті.
– Мектеп тек сабақ оқитын орын емес, әлеуметтену алаңы. Қазір үзіліс кезінде балалар бір-бірімен сөйлесуден гөрі, көпшілігі телефонға телміріп отырады. Күні бойы TikTok қарау баланың денсаулығына кері әсер етеді. Аты танымал неше түрлі ойындарға да әуес. Онда педофилдер балалармен кездесулер ұйымдастырған жағдайлар болды, тіпті зорлау фактілері де тіркелді. Суицидке апарған оқиғалар да кездесіп жатыр. Бұл жөнінен нақты фактілер АҚШ пен Англияда тіркелді. Сондықтан бұл мәселеге рационалды қарау керек. Әрине, ең алдымен мектептерде смартфонды шектеген жөн. Оның орнына жасөспірімдер үшін үйірмелер мен секциялардың санын кешенді түрде арттыру маңызды, – дейді Асхат Аймағамбетов.