Биылғы 11 айда балық өнімі 76,8 мың тоннаға жеткен. Бұл былтыр 69,6 мың тоннадан 10 пайызға жоғары. Ауланған балық көлемі – 38,5 мың тонна, өсірілгені 12,2 мың тоннаға жетеғабыл. Саланың дәстүрлі орталығы Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан болып қала берді. Елімізде балық аулаумен 700-ден астам кәсіпорын айналысады, онда 12 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Еліміздегі халықаралық және республикалық маңызы бар 20 ірі су айдыны, сонымен қатар жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су қоймасы осы нарыққа негіз болып отыр.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, квота 63 мың тонна болып бекітілген. Оның 38,5 мың тоннасы, яғни 61 пайызы игерілген. Бір қарағанда жоспарлы жұмыс сияқты көрінеді. Бірақ нарықтың ішкі құрылымы біршама өзгерген. 72 өңдеу кәсіпорынының жылдық қуаты 120 мың тоннаға жетеді, 20 зауыт Еуропаға тікелей экспортқа шығуға рұқсат алған. Еліміздің балығы қазір 21 елде сатылады. Биылғы 10 айда 45 мың тонна дайын өнім шығарылған. Бұл – былтырдан 10 мың тоннаға артық.
«2030 жылға қарай балық өсіру көлемін 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін көтереміз деген мақсат қойдық. Бұл – оңай міндет емес. Ең бастысы, ішкі тұтыну артып келеді. Халық жан басына шаққанда 5 кг балық тұтынатын деңгейге жетті, бұл көрсеткішті 14,5 килограмға дейін жеткізу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтудің маңызды бөлігі. ҚҚС мөлшерлемесі 70 пайызға төмендетілді. Өндеушілерге 5 пайызбен несие беріліп жатыр. Ал 15 ақпаннан 15 тамызға дейін шикі балық экспортына тыйым салынады. Бір сөзбен айтқанда, балықты елде өңдеуге барынша мүмкіндік жасалып жатыр», деді С.Сермағамбетов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Балық шаруашылығының кейінгі жылдардағы серпіні жаман емес сияқты көрінгенімен, салада қордаланған түйткіл аз емес. Экологиялық мәселелер де жетерлік. Ең әуелі ішкі тұтыну деңгейі тым төмен. Жан басына шаққанда 5 кг ғана балық тұтынылады, ал ғылыми ұсыныс 14,5 кг болып отыр. Нарық көлемі өсіп жатса да, экспорт 7 пайызға төмендеген, импорт – 38,8 мың тонна. Демек, өндіріс пен сұраныс арасы әлі де алшақ.
Балықты заңсыз аулаудың да жыры бітпей келеді. Бір жылдың ішінде 5 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркеліп, тонна-тонна балық тәркіленген. Жайық пен Қиғаштың таяздануы да балықтың табиғи көбеюіне үлкен кедергі. Бұған қоса мамандар ескірген құрал-жабдықпен жұмыс істеп отыр, қазіргі қуаты 18,4 млн шабақты ғана қамтамасыз етеді, ал қажеттілік 402,7 млн данаға жеткен.
Түйінді мәселелерді шешу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесі де маңызды. Балық шаруашылығын дамытудың ең табысты үлгілерінің бірі – Норвегия. Бұл елде балық өсіру толық цифрлық бақылауға, жабық циклді тәлімбақтарға, биологиялық қауіпсіздікке және әр өнім партиясын QR арқылы қадағалауға негізделген жүйе бойынша ұйымдастырылған. Норвегия жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам ақсерке өсіріп, экспорт кірісінің жартысынан көбін осы саладан табады. Бұл тәсіл Дүниежүзілік банктің «Көк экономика» тұжырымдамасымен де үйлеседі. Аталған тұжырымдама балық шаруашылығын экономикалық тиімді, экологиялық тұрақты әрі әлеуметтік пайда әкелетін секторға айналдыруды көздейді. Норвегия тәжірибесі су ресурстарын үнемді пайдалану, өңдеуді күшейту, экожүйені қорғау бағытында елімізге де маңызды бағдар бола алады.
«Саладағы басты мәселелердің бірі – көлеңкелі айналым мен заңсыз аулау. Сондықтан бақылауды күшейту, «Нерест», «Бекіре» сияқты табиғатты қорғау акцияларын тұрақты өткізу, 100 млн теңгеге жуық айыппұл салынуы – балық қорының сақталуына бағытталған қатаң шаралар. Ең маңыздысы – цифрландыру. «E-fish» пен басқа да ақпараттық жүйелердің бірігуі квотадан артық аулағандарды анықтауға мүмкіндік береді. QR белгі арқылы құралдарды тіркеу – әлемдік тәжірибеге жақындататын қадам. Мемлекеттік қолдаудың арқасында акваөсіру бағытында серпіліс байқалады. Бірақ бұл өсімді ұстап тұру үшін инфрақұрылымды жаңарту, заңсыз айналымды азайту, бекіре сияқты сирек түрлерді сақтау жұмысы тоқтамауға тиіс. Балық шаруашылығының толық дамуы үшін инфрақұрылым, табиғи популяцияны сақтау, заңсыз айналымды тоқтату және акваөсіруді қолдау қатар жүруі қажет. Бұл сала бір-екі жылда емес, жүйелі әрі ұзақмерзімді саясатпен ғана нәтижеге жетеді», деп түсіндірді Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы.