Қоғам • 12 Желтоқсан, 2025

Мархабат мақамдары – Ташкент төрінде

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегімен, мәністі мақа­мымен соны соқпақ қал­дыр­ған классик жазушы, көркемсөздің көшбасшысы Мар­хабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуына орай биыл айтулы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл бойы өткен жақсы бас­тама күні кеше Ташкентте де жалғасын тапты. Өзбекстан Жазу­шылар одағында «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлығының лауреа­ты атанған саңлақ қаламгердің өзбек тілінде жарық көр­ген «Ким ошди савдоси» атты жаңа жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Мархабат мақамдары – Ташкент төрінде

Жазушының туындылары орыс, ук­раин, өзбек, түрік, саха, қара­қалпақ тілдеріне аударылған. Өз­бекстандық жазушы, филология ғылымдарының докторы Қа­зақбай Йулдашев Түркістанда өткен Мархабат Байғұттың 80 жыл­дығына арналған халықаралық сим­позиумда:  «Мархабат Байғұт­тың туындылары өзбек оқыр­ман­дары­на жақсы таныс. Туысқан екі елдің бір-бірінен іргесін ажы­­ратпауларына негіз болатын осындай дүниелер көп болса екен. Қазір мен Мархабаттың шы­­ғармаларын аударуға біржо­ла­та бет бұрдым», деген болатын. Ташкенттегі тұсаукесер рә­сі­мінде «Ким ошди савдоси» атты жаңа жинақтың алғысөзін жаз­ған Қазақбай Йулдашевке алғыс білдірдік. Халықаралық іс-ша­раға қазақ-өзбек зиялы қауы­мы­ның арасына алтын көпір болып жүрген «Ижодкор» әдеби бір­лестігінің құрметті төрағасы Абдирахим Пратов пен қазіргі төраға Закиржон Муминжонов атсалысқанын айта кетелік. «Ижодкор» әдеби бірлестігінің атынан Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, әйгілі ақын Сирожиддин Саййид бастаған бірнеше өзбекстандық қаламгерге «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасына қолдау көрсеткендері үшін Алғысхат пен аздаған сый-сияпат тапсырдық.

Ал Мархабат көкемнің аяулы жары Қыздаркүл Пернебайқызы­ның сыйлығы тіпті ерекше болды. Ол өзі өмір бойы қабағын ба­ғып өткен қаламгердің 7 томдық жинағы мен бір дорба ша­ғылған жаңғақты тарту етті. Жаңғақ классик жазушының кіндік қаны тамған Таупістелідегі қара шаңырағындағы Насыр мен Шерхан бауында өсіп тұрған өнім екенін естіген елдің көңілі толқыды, жүрегі тебіренді. Мақаңның қаламдастары мен тағлым-тәрбиесін, қамқорлығын көрген талай шәкірттерінің басқосуымен көптеген әдеби іс-шаралар өткен бұл жөні бөлек, жосығы ерек баудың көшеттерін бір кездері қазақ-өзбек әдебиетінің алыптары, екі елдің руханиятына ажырамас байланыс орнатқан Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылов өз қолдарымен еккені тасқа қашалған тамаша тарих, өшпес өнеге.

Өзбекстан Жазушылар одағында өткен рәсімге қатысқан ақын-жазушылар мен жастар, студенттер дарынды драматург, тарихи туындыларымен де танымал қаламгер Сая Қасымбектің әсерге толы әңгімесін сүйсіне тыңдады. Қаламгер түркі дүниесінің бірлігіне, рухани байланысына, өзара сабақтастығына тоқталды. Ел ынтымағын, дала дипломатиясын,  қазақтың төбе биі, даңқты Төле би туралы тарихи дерекпен тамырластыра баяндағанына көпшілік тәнті. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Айдар Сейдазым Өзбекстан Жазу­шылар одағының еңселі ғима­ратында ұйымдастырылған Мар­хабат Байғұттың өзбек тілін­дегі әңгімелер жинағының тұсау­ке­сер рәсімі әдебиетке деген құр­мет­тің, мәдени байланысқа деген адалдықтың жарқын үлгі­сі іс­петті болғанын жеткізді. Бауыр­лас елдің жазушылары қазақ қа­лам­­герінің шығармашылығына терең талдау жасағанына, бірі оның қарапайым ауыл өмірін фи­лософиялық тереңдікпен сурет­теуін тілге тиек еткеніне, енді бірі көркем тілдің тазалығы мен адам мінезін ашудағы шеберлігін ерек­ше атап өткеніне жан-жақты тоқталды.

Сондай-ақ Ташкент төріндегі басқосуда зиялы қауым «Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ашу» туралы бастаманың өте орынды екенін айтып, жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

 

Шымкент – Ташкент – Шымкент 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025