Заң • Кеше

Көлікті қыста қыздыру: заң қалай өзгереді?

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жол жүру туралы» Заңға енгізілетін кезекті түзетулер Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданды. Құжатта халыққа қолайсыздық тудырған жағдайда, елді мекендерде жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар көліктерді белгіленген уақыттан ұзақ қоюға тыйым салу ұсынылған, деп жазады Egemen.kz.

Көлікті қыста қыздыру: заң қалай өзгереді?

Tengrinews.kz

Уақыт нормасын әр өңірдің жергілікті атқарушы органдары – облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдіктері жеке айқындайтын болады.

Тыйым электромобильдерге, сондай-ақ арнайы жарық және дыбыс сигналдары бар қызмет көліктеріне қолданылмайды.

Депутаттардың айтуынша, бұл шешім бірнеше қыс бойы талқыланып келген «Аула ішінде автокөлікті қанша минут қыздыруға болады?» деген сұраққа жергілікті деңгейде жауап беру үшін қабылданып отыр. Бұл тиімді тәсіл, өйткені елдің әр өңіріндегі климат пен экологиялық жағдай әртүрлі, ал бірыңғай норманы енгізу қиын. Оның үстіне қажет болған жағдайда жергілікті ережелерді өзгерту заңға қайта түзету енгізгеннен жеңілірек.

Сондай-ақ осы түзетулер аясында ақылы коммуналдық автотұрақтарға тек Астана мен Алматыда ғана рұқсат беру ұсынылады. «Жол жүру туралы» заңнан «республикалық маңызы бар қалалар» туралы норма алынып тасталады. Ақылы тұрақ үшін төлем жасамау фактілері бойынша айыппұл да тек осы екі қалада ғана қарастырылатын болады. Бұл үшін Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу жоспарланған.

Құжат Сенатқа жолданып, одан кейін Президенттің қарауына жіберіледі. Түзетулер қабылданып, ресми жарияланған соң алты ай өткеннен кейін күшіне енеді. Демек, биылғы қыста автокөлікті қыздыру мәселесі бұрынғы қолданыстағы ережелермен реттеледі.