Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық ықпалдастықты нығайту жолында Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс.
Елімізде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Арнайы Инвестициялық штаб құрылды.
«Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық платформа қолданысқа енгізіліп жатыр. Қазақстан Иранмен бірлесіп, түрлі жобалар әзірлеуге дайын.
Мемлекет басшысы екі елдің ықпалдастығын дамытуға тың серпін беретін салаларға тоқталды. Соның ішінде көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайту өте өзекті.
«Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистика хабының бірі. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Қазақстан транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға баса мән береді. Сондықтан біз Иранды аса маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Осы ретте, порт терминалдарын дамыту, логистиканы жетілдіру және транзиттік жүк көлемін ұлғайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қазірдің өзінде ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, еліміз Шахид Раджаи портында көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Қазақстан тауарларын әлем нарықтарына тікелей жеткізуге жол ашады. Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодальді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін. Ал мұның экономикалық әсері зор болатыны анық. Аймақтағы сауда-саттықтың жандануы жаңа индустриялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сервистік орталықтар мен өндіріс алаңдарын ашуға жағдай жасайды», деді Президент.