1996 жылдан бері өңірде адамның иммун тапшылығының вирусы (АИТВ) инфекциясы 1192 мәрте тіркелген екен. Биылғы 10 ай ішінде БҚО-да 61 жаңа жағдай анықталған. Бұл аз ба, көп пе?
«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 жағдайға көп. Бірақ біз ең алдымен анықтау шараларын күшейтіп, осындай нәтижеге жеттік», дейді облыстық АИТВ инфексиясының алдын алу орталығының директоры Ақтілек Өмірбаев.
Биыл АИТВ инфекциясы Орал қаласында 42 рет анықталыпты. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 6 жағдай, Теректі ауданында – 4 жағдай, Бәйтерек және Ақжайық аудандарында – 2 оқиға, ал Тасқала, Жаңақала, Қазталов және Шыңғырлау аудандарында – 1 жағдай тіркелген. Сонымен қатар басқа өңірден келген адамдардың бірі де осындай вирусқа шалдыққаны анықталған.
Бір қуанарлығы, өңірде балалар мен жасөспірімдер арасында вирус жұқтырған жағдай жоқ. Сырқаттардың жетеуі – 20-29 жас аралығында, 26-сы – 30-39 жаста. 40-49 жастағылар арасында – 16 жағдай тіркелсе, 50-59 жас аралығында – 9 жағдай, 60 жастан жоғарылар ішінде – 3 жағдай анықталған. Осылайша, сырқат адамдар 30 бен 50 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жандар арасында көп болып тұр.
«Жыныстық құрамы бойынша анықталған жағдайлардың ішінде ер адамдар басым. Олардың саны - 41, бұл барлық тіркелген жағдайдың 67,2%-ын құрайды. Әйелдер арасынан 20 жағдай анықталды», дейді орталық директорының орынбасары Алмагүл Мантақова.
Сараптама инфекция жұқтырушыларды әлеуметтік мәртебе тұрғысынан да саралап көрген. Яғни сырқаттардың арасында жұмыс істейтіні – 27 адам, жұмыссызы – 26 адам, 2 зейнеткер, 2 сотталған және 2 тергеуде жатқан адам болған. Бұдан бөлек, 1 әскери қызметші және әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 1 адам анықталыпты.
Дәрігерлер өңірде АИТВ инфекциясы негізінен 88,6%-ына дейін жыныстық жолмен таралып жатқанын айтады. Сондай-ақ жаңа сырқаттардың 10 пайызға жуығы инфекцияны парентералдық жолмен жұқтырған. Бұл ең алдымен инъекциялық есірткі қолданудан болады.
«Әрине алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш сәл төмендеді, бірақ нашақорлық мәселесі әлі де өзекті», дейді мамандар.