Технология • Кеше

Экономист: iPhone 17 Pro – елдегі әлеуметтік теңсіздіктің көрсеткіші

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа iPhone 17 Pro (256 ГБ) шамамен 860 000 теңге бағамен сатылымға шыққан сәттен бастап, бұл смартфонды сатып алу мүмкіндігі қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көрсететін өзіндік әлеуметтік көрсеткішке айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экономист: iPhone 17 Pro – елдегі әлеуметтік теңсіздіктің көрсеткіші

Экономиканың цифрлануға бағыт алуы мен кейбір салалар мен аймақтарда табыстың артуына қарамастан, ел ішінде қымбат гаджеттердің қолжетімділігі арасындағы айырмашылық әлі де айқын болып отыр.

Ұлттық банктің мәліметінше, қазақстандықтар түрлі тауар мен қызметті, соның ішінде смартфон сияқты қымбат техниканы несиеге алуға жиі жүгінеді. 2025 жылдың тамызындағы жағдай бойынша, екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несие көлемі 38 трлн теңгеден асады, оның 62%-ы халықтың жеке тұтыну мақсаттарына жұмсалған. Бұл жағдай банк жүйесі мен жалпы экономиканы белгілі бір деңгейде тәуекелге итермелейді.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 384 266 теңге. Демек, орташа қазақстандықтың жаңа iPhone 17 Pro сатып алу үшін ешқандай басқа шығынсыз 2,24 айлық жалақысын жинауы қажет.

Тек IT, қаржы және мұнай-газ саласында жұмыс істейтіндер айфонды несиесіз ала алады. Қалған көпшілік үшін бұл – 2-3 айлық табыс көлеміне тең.

Ең жоғары жалақы Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында, мұнда iPhone шамамен 1,5 айлық табысқа тең. Алматы мен Астана тұрғындарының жағдайы дамыған елдер деңгейіне жақын, смартфон шамамен 1,8 айлық жалақы көлемінде. Ал оңтүстік және солтүстік өңірлерде (Жетісу, Түркістан, Солтүстік Қазақстан) iPhone алу үшін 3 айдан астам жұмыс істеу қажет.

iPhone 17 Pro-ның қолжетімділігі Қазақстандағы экономикалық теңсіздіктің айнасы іспетті:

  • ⁠⁠IT, қаржы және мұнай-газ секторы, сондай-ақ астаналықтар мен алматылықтар – айфонды бір-екі айда ала алады;
  • Ауылдық және төмен табысты өңірлер үшін тек бөліп төлеу немесе несие арқылы;
  • Ал орташа қазақстандыққа жаңа смартфон алу үшін 2-2,5 айжұмыс істеуге тура келеді.