Оқиға • Бүгін, 14:15

«Жас сарбаз» әншісі жаһанды мойындатты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жасмина Түзелова – Қорғаныс министрлігінің «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі. Ол жуырда Мәскеуде өткен «Голос. Дети» шоуының он екінші маусымында үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жас сарбаз» әншісі жаһанды мойындатты

Фото: Қорғаныс министрлігі

Елге оралған жас әншіні Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қабылдап, шетелдегі айрықша жетістігімен құттықтады.

Әсіресе оның ата-анасына ерекше алғыс білдірді. Айта кетсек, Жасминаның әкесі Мұрат Өтеев – Ауған соғысының ардагері, ал анасы Гүлзия – кәсіби музыкант.

«Кез келген байқау – ата-ана үшін үлкен сынақ. Жасминаның батылдығы мен патриоттық сезімі – талай қиындықты еңсеріп, жігерін сақтай білген әкесінің мінезінің көрінісі. Ал вокалдық шеберлігі – анасының еңбегі. Оның кәсіби білімі мен қолдауы бұл жетістікке жетуде шешуші рөл атқарды», деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Авиация генерал-лейтенанты, сондай-ақ, Жасминаның жетістігі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының барлық тәрбиеленушісі үшін шабыт беретін үлгі болғанын айтты.

«Жасмина сияқты дарынды, еңбекқор балалардың өсіп келе жатқаны – еліміздің жарқын болашағының айғағы. Шығармашылық жолың жаңа шыңдарға жетелеп, талантыңның барлық қырын ашуға мүмкіндігің көп болсын», деп тіледі министр.

Ол Жасмина Түзеловаға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Өз кезегінде «Жас сарбаз» мүшесі аңызға айналған «Әлия» әнін орындап, жиналғандарды ерекше толқытты.