Өңірдің білім басқармасы дарынды балаларды ерте анықтау, жүйелі дайындау және жан-жақты қолдауға бағытталған ауқымды экожүйе қалыптастырған. Жыл сайын дарынды оқушылар қатарының өсіп, жетістікке жетуінің сыры жайлы Алматы облысы білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова баяндап берді.
«Алматы облысында дарынды балаларды қолдау шаралары жүйелі жолға қойылған. Бұл жұмысты негізінен облыстық «Жас дарын» ғылыми-практикалық орталығы үйлестіреді. Олар аудан, қала мектептерімен және мамандандырылған білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста болып, қабілетті оқушыларды анықтайды. Жалпы, стратегия үш бағытқа негізделген. Оның алғашқысы – дарынды балаларды табу, яғни олимпиадалар, байқаулар, тест арқылы оқушылардың қабілетін ерте кезеңде анықтау. Екіншісі – оларды дамыту, яғни арнайы дайындық курстары, ғылыми жобалар, шығармашылық үйірмелер, олимпиадаға даярлау жұмыстары ұйымдастырылады. Мұғалімдерге де әдістемелік қолдау көрсетіледі. Үшіншісі – баланы қолдау. Материалдық база, психологиялық көмек, мотивация, марапаттар мен түрлі мүмкіндік ұсынылады. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде білім сапасы артты. Айталық, 2025–2026 оқу жылының І тоқсанының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,3 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайыз тармаққа өсіп отыр. Сонымен қатар мектептердегі материалдық-техникалық база нығайып, жаңа пәндік кабинеттермен жабдықтау жалғасып келеді», дейді басқарма басшысы Арайлым Ақсубайқызы.
Өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа білім нысандарының құрылысы қарқын алып отыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен цифрлық білім ресурстарын енгізу бойынша да жұмыстар күшейтілген. Ерекше білімді қажет ететін балаларға қолжетімді орта құру бағытында инклюзивті білім беруді дамыту қолға алынған. Бұл көрсеткіштер – білім сапасын арттыруда жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанын білдіреді.

«Биылғы оқу жылы облысымыз үшін жақсы жаңалықтармен басталды. Ауыл олимпиадасының жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша 36 оқушымыз қатысып, 18 (6 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль) жүлделі орын алып, республика бойынша І орынға ие болды. 9–13 желтоқсан аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 30 оқушы Астана қаласына жол жүреді. Бұл оқушыларымыздан да үлкен үміт күтіп отырмыз. Ал халықаралық жарыстарда Грекияда өткен ІІ Халықаралық экономика олимпиадасының қорытындысы бойынша «Дана» жекеменшік мектебінің оқушысы Жәңгір Ильжанов жоғары нәтижемен үздік ондыққа енді, (5-орын) және І орын жүлдегері атанды. VII Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында еліміздің құрама командасының мүшесі, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушысы Тимур Қантаев жүлделі ІІІ орынға ие болса, А.Мәлкеев атындағы Есік «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Халел Мүслім математикадан халықаралық «Жібек жолы» және халықаралық О.Жәутіков олимпиадасында жүлделі ІІІ орынға ие болды», деген Арайлым Ақсубайқызы соңғы үш жылда халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарының саны айтарлықтай артқанын тілге тиек етті.
Атап айтсақ, 2022–2023 оқу жылында 11 оқушы жеңімпаз атанса, алдыңғы жылғы 22 оқушы, былтырғы оқу жылында 28 оқушы халықаралық дәрежеде жүлделі орындардан көрініп, мерейлерін тасытқан. Биылғы 2025–2026 оқу жылындағы халықаралық олимпиадаларға жас дарындар жан-жақты дайындалып жатыр. Талғардағы №7 мектеп-лицейінің екі оқушысы Кембридж бағдарламасы бойынша Малайзиядағы халықаралық мектептің грантын ұтып алған. Ал Іле мен Ұйғыр аудандарының мектептері «NXplorers» жобасында 1 000 000 теңге көлемінде грант ұтып алғаны зор жетістік.
Бұл бағытта ең алдымен – оқушылардың логикалық ойлауын және терең пәндік білімін дамытатын олимпиадалық әдістемелер пайдаланылады. Дарынды оқушылар ынтымақтастық меморандумы аясында Сүлеймен Демирел университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «EdLight академия» ЖШС базасында оқу-жаттығу дайындығынан өтеді. «Табысты 50 мектеп» жобасы аясында облыстың жаратылыстану-математикалық бағытағы математика, физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша олимпиадалық резервіндегі оқушыларға оқу-жаттығу жиындары жібін үзбей жалғасып келеді.
Сондай-ақ әр ауданда олимпиадалық резерв мектептері облыс бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған 6 (Әл-Фараби атындағы мамандандырылған МЛ, Қарғалы 2 МЛ, Абай атындағы мамандандырылған гимназия-интернаты, Ю.Гагарин атындағы МЛ, Есік қаласындағы БИЛ, Ш.Смағұлов атындағы БИЛ, мектеп-лицей, Арыстан мамандандырылған МЛ) лицей-гимназия жұмыс істейді.
Осы жылы Алматы облысы бойынша 8 189 педагогті қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарымен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 7 159 педагог курстан өтті. Оның ішінде «Өрлеу» БАҰО базасында – 5 615, «Өркен» ұлттық институтында – 992, педагогикалық шеберлік орталығында – 514, ерте дамыту институтында – 20, арнайы және инклюзивті білім орталығында 18 педагог. Бұл көрсеткіштер педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырып, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге жол ашқаны анық. Курстан өткен мұғалімдердің оқу жетістіктеріне әсері байқалып, білім сапасының жақсаруына оң ықпал етіп отыр. Мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы – білім беру сапасын арттырудың басты тетігі ретінде өз тиімділігін көрсетіп отыр.
«Кәсіби дамыту бойынша семинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары арқылы педагогтердің біліктілігі артады. Дарынды балалармен жұмыс істейтін педагогтерге және оқушыларды қолдау мақсатында жыл сайын оқу жылының аяғында облыс әкімімен кездесу өткізіліп, қосымша сыйақы, бағалы сыйлықтар және сертификаттар табыс етіледі. Кейбір аудандарда меценаттар тарту арқылы демеушілер есебінен сыйақылар тағайындалады. Үздік педагогтерді қолдау және ынталандыру мақсатында жыл сайын өтетін «Жыл мұғалімі», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік ауыл мектебі» байқауларында жеңімпаздарға автокөлік және қаржылай сыйақылар табысталады», дейді басқарма басшысы.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында талантты балаларға қолайлы жағдай жасалып отыр. Негізгі артықшылықтарына келер болсақ, STEM, ІТ, зертхана, роботтехника кабинеттері – олимпиадалық және зерттеу жұмыстары үшін қолайлы орта қалыптастырды. Қауіпсіз әрі заманауи орта – баланың еркін ойлауына мүмкіндік береді. Үйірмелер мен қосымша білімнің көптігі – музыка, спорт, ғылым, «debate club», цифрлық мүмкіндіктер – онлайн курстар мен халықаралық жарыстарға қолжетімді. Педагогтер дарынды оқушымен жеке жұмыс сапасын арттырады.
Биыл Алматы облысы бойынша мектепті 17 940 түлек аяқтаған. Оның ішінде 1 432 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 1 513-і «Үздік аттестат» иеленді. 7 681 түлек (яғни 44%) мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. Бұл – облыс жастарының білім сапасының және кәсіби бағдар жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Кейінгі жылдары түлектердің педагогика, медицина, ақпараттық технологиялар, инженерлік, аграрлық және IT салаларына қызығушылық артып келеді. Мемлекеттік грант иегерлерінің ішінде 1 440 түлек педагогикалық, 770-і медициналық, 543-і ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдап, түскен. Бұл қоғамға қажетті кадрлар даярлау ісіне жасалған нақты қадам. Жергілікті бюджет есебінен облыс әкімінің грантымен 30 түлек (17 – медицина, 7 – аграрлық, 6 – педагогика) жоғары білім алуға мүмкіндік алуы барлық деңгейдегі қолдаудың нақты көрсеткішін айғақтайды.
Алматы облысының түлектері шетелдік жоғары оқу орындарына түсу бағытында жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасымен жасалған меморандум аясында 2025–2026 оқу жылында облыстан 27 түлек Шыңжаң университетіне тегін оқуға жолдама алған. Олар – Талғар, Іле, Қонаев, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарының үздік түлектері. Өткен оқу жылында ұсынылған 30 түлектің ішінен 12-сі іріктеліп, аталған университетте, білім алып жатыр. Сонымен қатар Цинхай провинциясына 8 түлектің құжаттары тапсырылып, сұхбаттасу жүргізіліп жатыр. Алдағы жылға қарай бұл халықаралық бағдарлама кеңейеді. Соның нәтижесінде Шыңжаң университетіне 30 түлек, Цинхай провинциясына 10 түлек, Шаньдун университетіне 5 түлекке грант бөлу жоспарланып отыр. Бұл бастама – облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен іске асып жатқан нәтижелі халықаралық серіктестіктің бір бағыты. Жастардың шетелде сапалы білім алып, болашақта ел дамуына үлес қосуына жол ашылып отыр.
Өңірде балаларды спорт, өнер және шығармашылық бағытында қолдау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыста 50-ден астам балалар шығармашылығы орталығы, музыка және өнер мектебі, сондай-ақ спорт мектебі мен секция жұмыс істейді. Биыл Алматы облысының дарынды оқушылары республикалық және халықаралық білім, ғылым, спорт пен шығармашылық байқауларын жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданының оқушысы Исағали Сезім Дубайда өткен қолөнер байқауынан бас жүлде иеленді. «Fibonacci Robot Olympiad» әлемдік финалында Жамбыл ауданының оқушылары «Jury Award» жүлдесіне ие болды (Италия, Рим қаласы). «Jas Juldyz» халықаралық өнер байқауында облыс оқушылары бас жүлдені жеңіп алып, Түркияға жолдама иеленді. Ал Алматы экономикалық колледжі Ташкентте өткен аспаздық байқауда жоғары нәтиже көрсетті. Жамбыл ауданының оқушысы Ақнұр Мақсатқызы тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Барлық спорттық секция мен үйірмеге балалардың кезекте тұруына қажеттілік туындамайды. Әр жеткіншек спорттық секция мен үйірмені өзі таңдайды.
«Балалардың қабілетін жан-жақты дамытуға бағытталған арнайы мамандандырылған орталықтар желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта, өңірде өнер мектебі, балалар музыка мектебі, спорт мектебі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы, STEM кабинеті, 1 IT және роботтехника орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша білім беру бағытында «Оқушы үйі», «Жас техниктер станциясы», «Жас туристер станциясы», «Жас натуралистер станциясы» секілді мекемелер қызмет атқарып, балалардың ғылым, техника, өнер және спортқа қызығушылығын арттырып отыр. Алайда халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңірде мұндай орталықтар жеткілікті деп айту қиын. Сондықтан 2026 жылға дейін өңірдің барлық ауданында қосымша мамандандырылған орталықтар ашу жоспарда бар», дейді өңірдің бас ұстазы.
Алматы облысы