Қоғам • Бүгін, 07:33

Жігер жеңіске жетелейді

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында халықаралық мүгедектер күніне орай дойбы мен тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтті. Жарысқа Алматы облысының 8 өңірінен тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен спортшылар қатысты. Турнир екі жас санаты бойынша жастар және ересектер арасында ұйымдастырылды.

Жігер жеңіске жетелейді

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар дәстүрге айналып, ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында ұлттық, интеллектуалды спорт түрлерін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Біздің міндетіміз – мүге­дектігіне қарамастан барлық спортшыға тең мүмкіндік жасау. Мұндай жарыстар қаты­сушылардың өзіне деген сенімін нығайтады, бойында талпыныс тудырады, әлеуетін ашуға көмектеседі, – деді Алматы облы­сының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ДРС директоры Нұрдәулет Күлсейітов.

Мамандардың айтуынша, дойбы мен тоғызқұмалаққа ерекше қажеттіліктері бар спорт­шылардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

– Біз жыл сайын қатысушы­лардың қатары көбейіп, техни­калық тұрғыда дамып келе жат­қанын, ең бастысы, өздеріне деген сенімнің арт­қанын байқаймыз. Мұндай турнирлер оларға спорт рухын сезінуге, жарыс атмо­с­ферасын бастан өткеруге мүм­­кіндік береді, бұл жеке даму тұр­ғысында өте маңызды. Спорт­тық тәжірибесі әртүрлі бол­са да, барлық қатысушы ла­­­йықты нәтиже көрсетіп, же­ңіске деген жігер танытты, – деді жарыстың бас төрешісі Тәжі­ғали Ходжамұратов.

Сайысқа қатысушылар жо­ғары дайындық деңгейін, шеберлік пен стратегиялық ойлауды көрсетті. Дойбыда ойыншылар дәлдік, шапшаңдық, ұтқырлық жағынан бақ сынаса, тоғызқұмалақта комбинацияларды есептеу, күрделі ойын жағдайларын басқару қабілеттерін көрсете білді.

– Биыл тамыз айында Моң­ғолияда өткен тоғызқұ­малақтан әлем чемпионатында СПОДА санатында жүлделі орын алдым. Мұндай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Мен үшін әр жарыс – өзімді көрсетуге берілген мүмкіндік. Турнирдің ұйымдастырушыларына қолдау көрсеткені, тең дәрежеде жарысу-ға жағдай жасағаны үшін алғыс білдіремін. Тоғызқұмалақта жас шектеуі жоқ. Қатысушылардың көпшілігі 40–50, одан жоғары жас шамасындағы адамдар. Сырт көзге тастарды ұяшықтарға салу оңай көрінуі мүмкін. Алайда бұл ойында жоғары математиканың негіздері жатыр. Ол тек есептің жылдамдығына емес, тактикаға да негізделеді. Бұл ойынды бекерден-бекер қазақ шахматы деп атамайды. Алдағы уақытта жас­тар да көптеп қатысса, нұр үстіне болар еді. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен, – деді тоғызқұмалақтан әлемнің күміс жүлдегері, спорт шебері Жәмилә Мәмбеева.

Дойбы спортында жарысқа әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлері Нишан Пернебаев пен Ермекқали Оразалиев қатысты.

Сайыс қорытындысында ко­мандалық есепте ең көп медаль алған Қарасай, Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарынан келген мүм­кіндігі шектеулі спортшылар болды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Алматы облысы