Аймақтар • Бүгін, 07:55

Еуразиялық логистикалық парк ашылды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық дәлізі бойында жаңа Еуразиялық логистикалық парк ашылды. Құлжа тасжолына жақын орналасқан нысан өңірдің «Шығыс қақпасы» инфрақұрылымдық аймағына кіріп, Алматы мен облыстың кеңістіктік дамуындағы маңызды логистикалық хабқа айналады.

Еуразиялық логистикалық парк ашылды

Парктің ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтан­ғазиев, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, сондай-ақ логистика және девелопмент саласының жетекші компаниялары қатысты.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 22 млрд теңге. Бірінші кезеңде 50,3 мың шаршы метр болатын «А» санатындағы заманауи екі қойма корпусы іске қосылды. Төбесінің биіктігі 2 метрлік, шаршы метріне 8 тонна жүк көтеретін еден және өрт қауіпсіздігінің халық­аралық стандартына сай келетін жоғары класты қойма бар. Парк толық қуатына алдағы жылы шығады. Сол кезде 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

«Жаңа логистикалық парк – елдің транзиттік мүмкіндігін арттыруға, халықаралық сауда ағымдарын тиімді басқаруға және өңірлік ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған маңызды жоба. «А» санатындағы жаңа нысандардың іске қосылуы – облыс экономикасының тұрақты дамуы мен инвесторлардың сенімінің нақты көрінісі, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігінің нәтижесі», деген өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жобаның маңызды тұстарын атап өтті.

Өз кезегінде Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова:

«Бұл парк – Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне шығуды кеңейте түседі. Мұндай ауқымды инфрақұрылым отандық бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің Еуразиядағы сауда хабы ретіндегі орнын бекіте түседі»,  деді.

Бастаманың техникалық пара­метрлерін көпшілік назары­на ұсынған «Еуразиялық логисти­калық парктің» атқарушы директоры Роман Жужлев ауқым­ды жоба кез келген стеллажды немесе көпдеңгейлі сақтау жүйесін орнатуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Салтанатты шара барысында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков жобаның аудан дамуына оң әсер ететінін атап айтты.

Ал Ozon Қазақстан компания­сының басшысы Алексей Сапон онлайн-сауда тиімділігінің заманауи қоймаларға тікелей бай­ланысты екенін айтса, DNS компаниясының логистика жөніндегі федералдық басшысы Владимир Любимов жергілікті хабтар желісі тапсырыс­тарды жеткізу уақытын айтар­лықтай қысқартатынын мәлімдеді.

Инвесторлар парк аумағын Құлжа бағыты арқылы кеңейтуді көздеп отыр. Жоспарда 300 мың шаршы метрге дейін қосымша қойма алаңын салу және көрші елдердің нарығына шығу қарас­тырылған. Sudakov Group бас директоры Алексей Судаков айтуынша, функционалды қойма нысандарына сұраныс тұрақты түрде артып отыр.

Салтанатты шара барысында Noytech және «Еуразиялық логистикалық парк» арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Noytech-тің Қазақстандағы директоры Валерия Кошелева жаңа нысан жоғары технологиялық сервистерді дамыту мен қызмет түрлерін кеңейтуге жол ашатынын жеткізді.

 

Алматы облысы,

Талғар ауданы