Фото: polisia.kz
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысы Полиция департаментінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде жоғары кәсібилік пен жанқиярлық танытқан, сондай-ақ аса ауыр қылмысты ашуда ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Аса маңызды істер жөніндегі тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны Темірхан Хажмұратов тергеу әрекеттерін сапалы жүргізгені және кәсіби шеберлігі үшін басшы құрамның кезектен тыс арнайы шені – «Полиция майоры» атағына ие болды.
Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің бұйрығымен полиция подполковнигі Аслан Смағұл мен полиция майоры Наурызбек Рахманов «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталды.
Полиция майоры Серіжан Сәбитов пен полиция капитаны Гүлфаридә Төлегенова «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Бұл марапат 2024 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен Яна Легкодимоваға қатысты аса ауыр қылмысты атыраулық полицейлер кәсіби деңгейде ашқаны үшін берілді. Құқық қорғаушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдап, кең көлемді жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды, екі күдіктіні анықтап, істі толық ашуға қол жеткізді. Сот екі айыптыны да өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», деп хабарлады Атырау облыстық ПД.
Сонымен қатар марапатталған қызметкерлердің еңбегі мен кәсібилігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқық қорғау жүйесінің жауапкершілігі мен сенімділігінің айқын дәлелі екені айтылды.
Еске салайық, 17 қарашада Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша сот үкімі жарияланды.
Яна Легкодимова 2024 жылдың 18 қазан кешінде жоғалған еді. Оның денесі тек осы жылдың маусым айында табылды.
Тергеу мәліметінше, қызды өлтіріп, денесін Жайық (Урал) өзеніне тастаған. Қылмысқа оның сүйіктісі мен оның сыбайласы күдікке ілінді.