Саясат • Бүгін, 09:00

Әр кәсіпкер жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі

10 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

Әр кәсіпкер жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Үздік кәсіпкерлердің мәртебесін көтеретін марапат

Мемлекет басшысы сөзінің басында бұл күннің еліміздің бизнес қауымдастығы үшін өте маңызды күн екенін атап өтіп, дәстүрлі байқаулардың жеңімпаздарын шын жүректен құттықтады.

– Осы жердегі әр кәсіпкердің жетіс­тігі – ел мерейінің айқын көрінісі. Сіз­дер сапалы өнім өндіріп, экономи­ка­ны дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібі­не адал, іскер және нағыз отаншыл азамат­тарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мем­лекет Сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Биылдан бастап 29 қазан «Қазақ­стан кәсіпкерлері күні» болып ресми түрде бекітілді. Сонымен қатар мен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге мол үлес қосқаны үшін еліміздің үздік кәсіп­керлеріне берілетін арнайы марапат – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бас­тап залда отырған бірқатар кәсіпкер осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 млрд доллардан аспақ.

– Қазір біз инфрақұрылымды дамыту­ға, экономиканы әртараптан­дыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Бүгінде бұл салада біраз жетістіктеріміз бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Кейінгі жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан та­уарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз, – деді Президент.

Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олар­дың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбей­ді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтар­дың жартысына жуығы, яғни 4,5 млн адам бизнес саласында еңбек етеді.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де – менің жеке бақы­лауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосыл­ған құны жоғары сапалы өнім өндіре­тін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапы­нан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкер­леріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуы­на серпін берген жөн. Мұны кәсіпкер­лікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

м

 

Мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделі

Осы тұста Президент баса назар ауда­ру қажет бірқатар маңызды мәселені атап шықты. Біріншіден, Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азамат­тардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады.

– Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026–2028 жыл­дарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдар­ламасын қабылдады. Мен бұл жайын­да ауыл әкімдерінің диалог-платфор­масында айтқан едім. Аталған бағдар­ламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді. Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңыз­ды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнық­ты дамуы өзара міндеттерді орын­дауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскер­лік орта қалыптастырады. Ал бизнес салық­тан жалтармайды. Бұл дамыған, өрке­ниетті елдердің барлығына тән. Соған қарамастан маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет.

Салықтық әкімшілендіруді жетілдіру­ге баса мән беру қажет. Аталған мәсе­лені цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіп­керлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Келесі жылы отандық тауар өн­­діру­­шілер реестрі мен Тауарлардың ұлт­­тық ка­талогі енгізілетінін де ескеруге тиіс­піз. Жаңадан іске қосылатын бұл те­тік­тер кей­бір кәсіпорындардың мем­­ле­кеттік са­тып алу байқауларында негіз­сіз ар­­­тық­­­­шыл­ық­қа ие болу мәселесін реттеу­ге ық­пал етуі керек. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­­­­ла­та­­сы­мен бірге осы жыл­дың со­ңына де­­йін биз­нес-қоғамдастыққа зияны ти­мей­­­тін жа­ңа нормалар енгізуді қамтама­сыз ет­­кені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент тоқталған екінші мәселе мем­­лекет пен бизнестің қарым-қаты­н­асын өзгертуге қатысты болды. Бұл істе жап­пай цифрландыру және жасанды интел­лект технологиясын тиімді қолданған жөн екені айтылды. Жасанды интеллект техно­логия­ларының қарқынды дамуы әлемдік эконо­мика­ның түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарап­шылардың бағалауынша, жасанды ин­теллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 трлн доллардан 26 трлн долларға дейін пайда әкеліп, 78 млн жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағ­дайында цифр­ландыру мен жасанды интел­лектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Мұндай болжам бар. Оның қан­шалықты дұрыс екенін уақыт көрсетеді.

– Мен биылғы Жолдауымда осы мәсе­леге айрықша тоқталдым. Ең алдымен, кәсіп­керлерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет. Қазір «ЕgovBusiness» платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түсті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 млн-нан аса қызмет көрсетілді. Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмы­сын аяқтау қажет. Сонымен қатар осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек. Бұл шаралар кәсіпкерлердің бір­тұтас платформа арқылы әртүрлі қыз­мет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ плат­формада жасанды интеллект көмегі­мен бизнес жүргізуге қатысты толық­қан­ды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкім­шілік кедергілерді азайтып, мемлекет­тік қол­дау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, үшіншіден, экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жалғастыру керек. Ең алдымен, экономиканың тиім­ді­лігі мен әлеуетін арттыру – басты мақ­­сат. Квази­мем­лекеттік сектор субъек­ті­лерін құруға мораторий жария­лан­ды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі жасалды. Сарапшылардың есебінше, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 трлн теңге пайда табуға мүмкіндік береді.

– Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Бұған дейін заңнаманы түгел тексеріп, оны жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатынмын. Ол үшін Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің жа­ны­нан Интеллект арқылы реттеу орта­­лығы құрылады, Міндетті талаптар тізімі ен­гізіледі. Сондықтан Үкімет пен бизнес-қоғамдас­тық­тың үйлесімді әрекет етуін, әсіресе цифр­лық ықпалдастықты күшейту керек. Кәсіпкерлер бюрократия­ның азайға­нын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің енші­сінде қалуы керек. Үкімет пен қадаға­лау­шы органдарға осындай міндет жүктей­мін. Бағаның еркін нарық талаптары­на сай қалыптасуы, мемлекет иелігінен жаппай шығару және икемді реттеу саясаты – экономиканың табысты трансфор­мациясының кепілі, – деді Президент.

 

Іскерлік ортаны жақсарту қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев алға тартқан төртінші мәселе – бизнестің мүддесі мен құқығын қорғау жайы. Кейінгі жылдары құқық және сот жүйесін жаңғырту үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әкімшілік әділет институты пайда болды. Бұл бастамалар қазірдің өзінде жақсы нәтиже бере бастады. Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде. Бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудың алдын алу бойынша белсенді жұмыс атқа­рылып жатыр. Экономикалық қыл­­мыс­тарды декриминализациялау жүр­гізіл­ді. Мұның бәрі «Заң мен тәртіп» қағи­датының орныға түсуіне ықпал етеді. Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті жыл соңына дейін Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді. Ірі инвес­торларға арналған «Жасыл дәліз» жүйесі іске қосылды. Енді оларға рұқсат­нама құжаттары тез берілетін болды.

– Мен Жолдауда жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлем­де нарық және капитал үшін талас-тар­тыс күшейіп барады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес дүниежүзі бойынша тікелей шетелдік инвести­цияның нөпірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлемде нақты секторға бағыт­талған инвестиция көлемі 11 пайыз­ға, яғни 1,5 трлн долларға дейін қысқар­ған. Басқаша айтқанда, жаһан­дық инвестиция биыл екінші жыл қатары­нан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халық­аралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат, – деді Мемлекет басшысы.

Президент айтқандай, бесіншіден, бизнесті мемлекеттік қолдау шара­лары­ның тиімділігін арттыру маңызды. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отан­дық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс. Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен 2 трлн теңгеге жетті. Тікелей субсидиялау­дан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік. Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2 229 жобаға жалпы сомасы 400 млрд теңгеден аса кредит берілді. Оның ішінде 220 млрд теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді. Іскерлік белсенділікті одан әрі ынталандыру үшін шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдаған жөн. Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс.

– Жергілікті өнімге, білім мен заманауи тех­нологияға басымдық беру айтарлық­тай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықара­лық ынты­мақ­тас­тық агент­тігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы­ның қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады. Ауыл-аймақтардан осындай ақыл­ға қонымды өтініштер мен ұсыныс­тар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бас­таманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де, осы шаруа­ны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де, шағын және бизнес бұл кәсіппен ай­на­лысуға ниетті. Үкімет ортақ жауапкер­ші­лік қағидатына сай мемлекет пен биз­нес­тің тиімді қарым-қатынас жа­са­уы­на жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауыл­­дар мен шағын қалалардың дамуына тың сер­пін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Сапалы қызмет – ел өркендеуіне қосылған үлес

Содан соң Мемлекет басшысы өте құбыл­­малы әрі бұлыңғыр геоэконо­мика­­лық ахуалды айта келе, осындай кезең­де бизнес өкілдерінің жасам­паз­дық, отан­шылдық қасиеттері айқын көрі­нетінін, мұндай уақытта кәсіпкер­лері­міздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екенін атап өтті.

– Түптеп келгенде, сапалы өнім шыға­рып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабі­летті болу және ең бастысы, еліміздің өркен­деуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз. Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлт­тық бур­жуазиямызға, соның ішінде, ең алды­мен, осы залда отырған бизнес-қоғам­дас­тық өкілдеріне шынайы құр­метпен қарай­мын. Сіздердің қабі­леттеріңізге, іскерлік және адам­гершілік қасиеттеріңізге сенемін. Сіз­дер мемле­кетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз пат­рио­­ты­сыздар. Сіздер – жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азамат­­­сыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті бола­ты­ны­на сенімдімін. Қандай да бір істе болсын, пес­симизмге бой алдыра­тын, әрекетсіз, құлық­сыз, іші тар адам­дардың жетістікке жетпей­тіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеумет­тік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. Шығыс дана­лы­ғы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкін­діктер жасырынып жататы­нын айтады. Сон­дықтан еңсені түсіріп, күйзе­ліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше, жетістікке жететін жол іздеу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, елімізде табысты бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Мұны барлық шетел­дік бақылаушы мен маман мойындап отыр. Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы эконо­ми­каның көкжиегі кеңейеді. Халық­аралық қаржы институттарының есебіне сәйкес аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 трлн дол­лар­дан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 млн-нан аса жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Бір­­қатар дамыған елде, мәсе­лен, АҚШ-та, Ұлы­­британияда, Корея Респуб­лика­сын­да креа­тивті индустрия ішкі жалпы өнім­­нің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалып­­­тастырады. Сарапшылардың баға­лауын­­­ша, креативті индустрияға салынған әр дол­­­лар қосылған құнның 2,5 долларын құ­рай­­ды. Қазақстанда креативті индустрия­ны өр­­кен­детуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жас­­­тары­мыз өте шығармашыл, олар­дың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді.

Алайда еліміздің ішкі жалпы өні­міндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана. Кейінгі жылдары бәсекелестіктегі артық­шылықтарымызды толық ашуға, эко­номикалық өсімнің тың мүмкін­дік­терін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталан­дыру­ға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтыны көрсетілді. Өйткені инфля­ция азаматтардың әл-ауқатын артты­руға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақ­станның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешіл­мей келеді. Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысында 8,5 трлн теңгеге бағаланды.

– Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар. Биыл­ғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайы­рымдылық іс-шараларына 37 млрд теңге­ден аса қаржы салған. Бұл отандық бизнес­тің қоғам игілігі үшін аянбай адал қыз­мет етуге дайын екенін көрсетеді. Осын­да отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіре­мін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» байқау­ларына қатысқан кәсіпкерлердің барлығына алғыс айтып, лауреаттарды марапаттады.

Шағын және орта бизнес субъектілері арасында «Парыз» сыйлығы Солтүстік Қазақстан облысының «Ақ-Ниет-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табысталды. Ал ірі бизнес өкілдері ішінен Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы лайық деп танылды.

«Алтын сапа» сыйлығына «Үздік индустриялық жоба» аталымы бойын­ша «Karlskrona LC AB» (Шымкент қаласы), «Үздік инновациялық жоба» аталымы бо­йынша «AG TECH» (Астана қаласы) компаниялары ие болды.