Жиынның басты қонағы Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы болып, қазақтың болашақ атты әскерлері халықтың алдынан Мағжан жазған Алаш маршын: «Арғы атам – ер Түрiк, Біз Қазақ еліміз. Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа жеріміз. Сай сайлап, мал айдап Сайрандап, иен жайлап, Ерке өскен Арқаның Еркесі серімізді» айтып саппен өткен. Барлық салтанатты Қызылжар өңірі жақсы білетін Алаш қайраткері Абылай Рамазанов басқарған. Осы елдік жиын туралы жазушы Сәбит Мұқанов та өзінің «Өмір мектебі» кітабында жазған. Алаштың алыс түкпірлерде жасаған осындай жиыны басқа ешқандай жерде болмаған, ол елдің рухын көтеріп, еңсесін тіктеген. Сондықтан да оның маңызы зор, атағы да алысқа кеткен.
Осыны елшіл тұлғаларымыз жақсы түсініп, еліміздің барлық түкпірінен келген ғалымдардың, ұлтжанды қайраткерлердің қатысуымен осы оқиғаның 105 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда алдымен белгі орнатылып, артынан, 2025 жылы мемориалдық кешен тұрғызу қажеттігі туралы қарар қабылданды. Бұл дата Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толатын мерейтойға да дөп келетіндігі айтылған.
Ал қарарды іске асыруды Әлти қажының ұрпағы, жергілікті кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев өз мойнына алған. Ол – өте іскер жігіт, қолға алған дүниесін әрқашан аяғына жеткізбей тынбайтын табанды кәсіпкер. Конференциядан кейін жұмысқа қатты кіріскен Нәкен бұл жерді мемлекет тарапынан қорғауға алынатын киелі орындар қатарына да енгізген. Басқа да отаншыл, қалталы азаматтарды ұйымдастырып, биылғы күзде мемориалдық кешен де бой көтерді.
Осы араға ең жақын елді мекен «Петровка» ауылы оншақты шақырым жерде. Ескерткіштің өзі «Петропавл-Благовещенка» тасжолының бойында, ашық далада асқақтап тұр. Бюджеттен бір тиын да шығармаған әсем ескерткіштің негізгі шығынын кәсіпкерлер Нағашыбай Барлыбаев пен Жақаңның (М.Дулатұлы) жиені Ерлан Сатыбалдиев көтерген, басқа да азаматтар атсалысқан. Салтанатты ашылуы 27 қыркүйекке белгіленіп, оған қатысуға Алматыдан, Астанадан, басқа да қалалардан белгілі ғалымдар, депутаттар, генералдар келмек болып билет те алып қойған.
Осы кезде аяқ астынан шара әзірше өтпейтін болып шешілді. «Аққусақ құрылтайы» атанған мемориалдық кешен неге салтанатты ашылмады?» деген сұрақ жергілікті жұртшылықты да, Астана, Алматы ғалым, ақын-жазушыларын да толғандыра түсті...
Төбеден жай түсірген хабарды естіген бойында Нағашыбай Барлыбаевқа жолығып, себебін сұрадық. Сөйтсек... ол кешеннің құжаттарын жергілікті билікпен келіспей, ешкімнен рұқсат алмай бастап кеткен екен. Былтырғы, үшінші Ұлттық құрылтайда Президент Қ.Тоқаев елде қаптатып, жөнді-жөнсіз ескерткіштер тұрғыза берген істі сынап: «Шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтері қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», деп шенеген еді. Осыны жүректеріне түйген атқарушы биліктің жауапты орындары Солтүстік Қазақстанда рұқсат қағазсыз ескерткіш тұрғызылғанын біліп, қатаң ескерту жасайды. Салаға жауаптылар Н.Барлыбаевты шақырып, рұқсат қағаз алғанша құрылысты тоқтатуды талап етеді. Бастықтардың алдында көніп шыққанымен, Нағашыбай мырза «бір мәнісі болар» деп құрылысты тоқтатпай жалғастыра береді. Мұны білген жауапты басшылар Нағашыбай Барлыбаевқа шұғыл ескерту жасап, барлық рұқсат қағаздар алынғанша ескерткіш ашылмайтынын, құрылысты тоқтатуды, кем-кетігін қайта қарауды, заңдылықты орындауды талап еткен.
Н.Барлыбаев сол кезде бізден ештеңе жазбауды өтініп, «бәрі дұрыс, бұйырса, кейін ашылатын болды» деп ескерткіштің жоғары бөлігін алдыртып, құрылысын қайта пысықтауды жөн деп шешеді...
Содан бері екі ай уақыт өткен. «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей, біздің өңірдегі қай біреулер осы мәселені көтеріп, фейсбукке жазды. Бұдан соң және біреулер оны алаулатып-жалаулатып, түрлі әлеуметтік желіге жүктеді. Тіпті тақырыбын «Дулатұлының мемориалын қасақана қиратып кетті» деп шулатып қойыпты. Мәселенің анық-қанығын білмейтіндер халықтың жанын ауыртып, Міржақып мерейтойын ауызға алып, ушықтыра түскен. Кейбіреулер Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен оның қызметкерлерін жерден алып, жерге сала бастады... Не керек, ашылмаған ескерткіш бүгінде еріккеннің ермегіне айналып, әлеуметтік желі пайдаланушылары жаппай сыншы болып кетті...
Алдымен, бұл – Міржақып Дулатұлына арналған емес, осы тұлға қатысқан «Аққусақ құрылтайына» арналған ескерткіш екенін түсініп алуымыз керек. Екіншіден, бұл жердегі негізгі кінә – ниеті дұрыс болғанымен, рұқсат қағазын толық пысықтамай ескерткішті тұрғызған Нағашыбай Барлыбаев бауырымыздың асығыстығында. Бұл кінәнің түбі – тым әріде. Егер барлық кәсіпкер өздеріне ұнаған жерден тиісті орындардан рұқсатын алмай қалаған ескерткішін тұрғыза берсе, мәдени-рухани хаос болып кетпей ме деген ой тууы ғажап емес.
Үшіншіден, М.Дулатұлына Қызылжар халқы да, билігі де ешқашан қарсы болған емес. Оның «Оян, қазағы» да, «Бақытсыз Жамалы» да Қызылжарда тұрған жылдарында жазылған, «Мағжанды да орысша алғаш оқытқан» деп жергілікті зерттеушілер жариялап, бәріміз насихаттап жүрміз. Кеше ғана 140 жылдығына арналған әдеби кеш те өткіздік. Жергілікті билік те шама-шарқынша ұлттың рухын көтеретін шаралар атқарып келеді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Жұмағали Тілеулин, Қажымұқан есімдері мектеп, колледждерге берілген. Биыл Мағжан орталығы да ашылды. Бас көшеміздің бойында Алаш арыстарымен қатар ақын, жазушы, ғалым жерлестеріміздің билбордтары ілінген. Басқа да ірілі-уақты шаруалар жетерлік. Әрине, бұрыннан жасалып, заңдастырылып қалған дүниелер де жоқ емес. Мысалы, осыдан 20 жылдай бұрын ең басты көшеміздің бойындағы бір үйдің қабырғасына қаланы 1906–1917 жылдары басқарған В.Черемисинов дегенге ескерткіш тақта қойылған. «Оу, ол патшаның отарлау саясатын жүргізген адам ғой, оны не үшін ұлықтап отырмыз» дегенге ешкім әлі күнге құлақ асқан емес. Сол сияқты Халтурин, Красин және т.б. большевиктік әпербақандар атында да бірсыпыра көше бар. Украинада, тіпті Ресейдің өзінде олардың аттары алынып тасталған. Интернационал, Коминтерн, Пионер, Партизан, Комсомол, т.б. көше атаулары да жас ұрпақты «бұл қалай?» дегізіп отыр. Әсіресе өңірімізге келген Аризона университеті ғалымдары мен шетелдік қонақтар осындай ащы сұрақ қояды. Бірақ бір сәті туған уақытта олар да өзгерер деген үмітіміз бар.
Солтүстік Қазақстан облысы