Аймақтар • Кеше

Жылу беретін орталық тығырыққа тіреле ме?

150 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаһарлы қыс келгенде мұнайлы шаһардағы көпқабатты үйлерді жылумен қамтитын «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ тығырыққа тірелгелі отыр. Себеп – «Теңізшевройл» ЖШС-ның аталған орталықты өндірістік газбен қамту жөніндегі келісімшарттың 2026 жылға ұзартылмайтыны туралы ескертуі.

Жылу беретін орталық тығырыққа тіреле ме?

Бұл мәселеге орай Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, біріншіден, көпқабатты үйлерге жылу жеткізетін орталық – тұр­ғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызға ие кәсіпорын. Екіншіден, аталған орталықтан электр энергиясы өндіріледі. Демек, мұнайлы Атыраудың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр­ған ірі орталықты күрделі жағ­дайда қалдыруға бола ма?

«Атырау жылу-электр орта­лығы» АҚ директоры Мақсот Әленовтің айтуына қарағанда, мұнда 14 бу қазаны мен 12 турбина бар. Қазір 11 қазан мен 9 турбина жұмыс істеп тұр. Резервте 3 бу қазаны мен 3 турбина тұр. Орталықтың тұтынатын газ көлемі шамамен – 1 млрд текше метр. Орталық 325 мВт электр энергия­сын өндіреді.

Орталық табиғи «Теңіз­шевройл» ЖШС-мен жасалған келісімшартқа сәйкес жеңіл­дік бағамен алып келеді. Келісім­шарттың жасалғанына 30 жылдай болған. Алайда мұнай компаниясы биылғы сәуірде келісімшарттың мерзімін алдағы жылы созудан бас тартатыны туралы хат жолдапты. Міне, орталықты тығырыққа тірейтін мәселе содан бері шешімін табар емес.

Осыған байланысты «Теңіз­шевройл» басшыларымен бірнеше рет кездесу өткенімен, мәселе әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бұл мәселеге тиісті министрлік пен облыс басшылары араласты. Бірақ алдағы қаңтарда басталуы мүмкін күрделі ахуалдың түйіні табылмай, «баяғы жартас – бір жартасқа» айналды.

Мәжіліс депутаты Д.Тұр­ғановтың пікірінше, алдағы жылы бұл мәселе күрт ушығуы мүмкін. Нақтылай айтқанда, Атырау қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесі мен өңірдің электр­мен жабдықталуының тұрақты жұмысына қауіп төнеді.

«Ең маңыздысы, жылу-электр орталығына газ жеткізілетін құбыр өндірістік кәсіпорнының жүйесіне тиесілі, «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралдық газ құбырына тікелей қосылған. «Газ және газбен жабдықтау тура­лы» заңға сәйкес магистралдық газ құбырына қосылған өндірістік тұтынушы газды өндірушіден ғана сатып алуға құқылы. Демек, бұл жағдайда ТШО-дан алуы керек. «Табиғи монополиялар туралы» заңға сәйкес Атырау жылу-электр орталығына жеткізілетін газ стратегиялық тауарларға жатады. Бұл кәсіпорын табиғи монополия субъектісі ретінде мұндай тауарларды өндірушіден ғана сатып алуға міндетті. Қол­даныстағы заңнама Атырау ЖЭО-ға арналған газ көлемін өндірушінің келісімшартынан алып тастап, оны делдал арқылы жеткізуге тікелей тыйым салады», дейді Д.Тұрғанов.

«Теңізшевройл» компаниясы­ның жылу-электр орталығымен ұзақ жылғы әріп­тестік ке­лісім­шарт­ты үзуіне не себеп болған? Де­пу­таттың пікірінше, компания мұны «QazaqGaz» АҚ-мен ұзақмерзімді газ сату жөніндегі жаңа келісімшарттың жасалуы­мен түсіндіріпті. Жылу-электр орталығымен арадағы ынтымақ­тастық өңір тұрғындарын электр, жылу энергиясымен үздіксіз қам­та­масыз етуге мүмкіндік берген еді.

Енді бұл түйткілдің салдары қандай болуы мүмкін? Депутат­тың айтуынша, «QazaqGaz» АҚ неме­се оның еншілес ұйымда­ры арқы­лы жеткізу тізбегі газ­дың құнын күрт арттырады. Бұл кез­де Үкімет­тің 2026 жылдың I тоқсаны­ның соңына дейін коммунал­дық тарифтердің өсуін тоқтата тұру жөніндегі шешімі тікелей
 бұзылады.

Атырау жылу-электр орта­лығының басшысы М.Әле­новтің айтуына қарағанда, «Теңіз­шевройл» бұрынғы бағамен табиғи газ беруді тоқтатар болса, оны басқа компания арқылы алуға тура келеді. Сол кезде орталыққа берілетін газ бағасы төрт есеге өседі. Тарифті көтеруге тікелей әсер етеді. Мәселен, жылу тарифі 90, электр энергиясының тарифі 40%-дан астамға көтеріледі.

«Осыған байланысты мынадай шараларды қабылдау қажет. Біріншіден, «Теңізшевройл» ЖШС мен «QazaqGaz» АҚ арасында келісімшарт жасасу кезін­де Атырау ЖЭО-ға арналған газ көлемін алып тастауына заңдылық, экономикалық тұрғыдан баға беру керек. Екіншіден, ТШО-ның 2026 жылдан бастап Аты­рау ЖЭО-ға газ жеткізу туралы келісімшартты ұзартудан бас тарту жөніндегі шешімін қай­та қараған жөн. Үшіншіден, та­риф­тердің өсуіне жол бермеу, Атырау өңірінің негізгі энергия кәсіпорнының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жедел ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыру қажет», дейді депутат Д.Тұрғанов.

 

Атырау облысы