Сурет: qaz-media.kz
Екі жыл қатарынан болған су тасқыны да көшке кедергі келтірген сияқты. Өйткені жергілікті билік қаражатты алдымен тасқыннан азап шеккендерге бөлді. Оның үстіне қоныс аударушылар да су басып жатқан өңірге келуге бейіл бола қоймайды.
2023 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасындағы» жеке тұлғаларға экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсыну тетіктері ішкі қоныс аударушылар үшін қайта қаралды. Экономикалық ұтқырлық сертификаттары елдің жұмыс күші тапшы өңірлеріне көшкісі келетіндерге үй сатып алу, салу үшін 50% ақшалай өтемақы беруге немесе жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда бастапқы капитал ретінде пайдалануға құқық береді. Сертификат сомасы 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде есептелген. Бұл қаржы тікелей қоныс аударушыға немесе қандасқа беріледі. Сертификат оларға солтүстік аймақтарда өз бетінше баспана таңдауға мүмкіндік береді. Ал алдымыздағы жылы бұл сома 6,5 млн теңгеге дейін артпақ.
Биыл Солтүстік Қазақстанда 109 отбасы экономикалық ұтқырлық сертификатына ие болды. Сонымен қатар қоныс аударушылар көшуге арналған материалдық үстемеақыны түгел алды, жалға тұрып жатқан үйі үшін де өтініш бойынша үстемеақымен қамтылды.
Қоныс аударушыларға баспана жағы ғана емес, басқа да қолдау түрлері қарастырылған. Қазір көшіп келуші отбасының әрбір мүшесіне мемлекет тарапынан 275 240 теңге (70 АЕК) субсидиялық көмек беріледі. Отбасы мүшелері 5 адам болса 1,5 млн теңгеге жуық көмек алады. Бұл – көшіп келу шығыны еселеп жабылады деген сөз. Тұрғын үйді жалға алуға, коммуналдық қызметтерді төлеуге қалалы жерлер үшін 20–30 АЕК, яғни 117,9 мың теңгеге дейін, ал ауылды жерлер үшін 15–21 АЕК, яғни 82,5 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ фермерлік және шаруа қожалығын жүргізуге арналған жер учаскелері де 5 жылға беріледі. Алайда кепілдендірілген жұмыс орны деген көбіне бос сөз болып қалады, өйткені еңбекақысы өте төмен, жұмысы ауыр жерлерге қоныс аударушылар бара бермейді. Ал «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша бизнесті дамытуға 1,5 млн теңге алуға болады.
Өткенде көші-қон мәселесі Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов қатысқан жиында талқыланды. Онда көшіп келушілермен қатар облыс аумағынан көшіп кетушілердің де азаймай отырғаны сөз болды. Мысалы, кейінгі он жылда облыстан 44 мың адам көшіп кеткен екен. Осы отырыста облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев «Көші-қон сальдосы 56 мың адамға кеміді. Оның ішінде: сыртқы көші-қон сальдосы – 24 мың, ал ішкі көші-қон 32 мың адамға азайды», деді.
Жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай облыстағы халық саны 30 пайызға дейін кемуі мүмкін. Осы жиында оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы ойдағыдай нәтиже бермей отырғаны ашық айтылды. Тіпті көшіп келемін деп, кейбір жәрдемақы алғандар артынан ізім-қайым жоғалып, олардан алған ақшаны сот арқылы өндіру қосымша жұмысқа айналып отырған көрінеді. «Серпін» сияқты бағдарламалар да көздеген нәтижені бермей отыр. 2014 жылы осы бағдарлама қолға алынғаннан бері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 1 400-ге жуық студент қабылданды. Соның 1 373-і бітіріп, мамандық алып шыққан. Былтырғы мәлімет бойынша университетті бітіріп, диплом алғандардың өңірде қалғаны 30 пайызға жетпейді. Отырыс қорытындысында Е.Тоғжанов өңірдің билік өкілдеріне батыстағы аймақтармен де етене жақын жұмыс істеуді
ұсынды.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда, биылғы көшіп келгендердің жұмысқа қабілеттілері – 667 адам. Оның ішінде 182-сі жұмыспен қамтылды, 13-і жеке кәсіппен айналысады, 19-ы – студент, 8-і – зейнеткер, 48-і – бала күтімімен, біреуі – әскерде, 29-ы – бір ауданнан екінші ауданға көшкендер, 367 адам жұмыс қарастыруда және мемлекеттік грантқа құжат жинап жатыр екен.
Көші-қонды жандандыруға талаптанып жүрген белсенді азаматтар баршылық. Соның ішінде «Терістік бізге аманат!» деген ұран көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының басшысы Бурахан Дахановты қазір республика халқы жақсы біліп алды. Биыл ол жергілікті биліктен көші-қон жұмысын жүргізуге арналған 5 млн теңгенің грантын ұтып алған. Соның арқасында жұмысын белсенді жүргізіп келеді. Оңтүстік, Батыс өңірдің талай түкпірлеріне барып, өзінің көмекшілерімен бірге отбасыларды Солтүстікке көшуге үгіттеп жүр. Талай қазақ ауылдарына көшіп келген көпбалалы отбасыларды қоныстандырып, мектептердің жабылып қалмауына да жәрдемдесіп жатыр. Тұрғындар оның еңбегіне дән риза. Міне, Солтүстіктегі көші-қон ахуалы қысқаша айтқанда осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы