Құрманғазы аудандық музейінің мәліметіне сүйенсек, құнды жәдігердің қатарында қазақ жауынгері Ғабдол Сахтауовтың майданнан жазған үшбу хаты бар. Ол 1902 жылы осы аудандағы Қошалақ аталатын мекенде дүниеге келген екен. Ал 25 жасында жергілікті тұрғындардың сауатын жетілдіру мақсатында мектеп ашу ісін қолға алыпты. Бір жылдан кейін өзі туып-өскен ауылдағы бастауыш мектепте балаларды оқытуды бастаған. Тұрғындар бұл білім ордасын «Ғабдол мектебі» атапты.
1942 жылдың басында майданға аттанған. Сол кезде Ғабдол Сахтауов 40 жаста болған. Ал 1943 жылдың қазан айында Сталинград түбіндегі шайқастан соң хабар-ошарсыз кеткен.
«Музейде Ғабдол Сахтауовтың 1942 жылдың 24 ақпанында отбасына жазған хаты сақталған. Үшбұрышты хатында әйелі Зейнептің, балалары Ғабитжан мен Маһираның, қарындасы Нәбияның есімі аталады. Хатын «Сіздерге аман жүргенімді білдіріп, жалынды, көп-көп сағынышты сәлемімді жолдаймын», деген сөйлеммен бастаған», деп хабарлады аудандық музей қызметкері.
Хабар-ошарсыз кеткен боздақтың хатындағы дерекке қарағанда, соғысқа шақырылғандар Ақтөбеге 21 ақпанда жеткен. Ал 22 ақпанның кешінде Илецк деген селоға, 23 ақпан күні одан 25 шақырым қашықтағы Григорьевкада орналасқан штабқа келген.
«Содан 109 кісіден 8 адам – Байгісінов, Шадияров, Мұхамбетов, Исағалиев Лут, Насихан, тағы басқалар миномет батальонына бөлініп, «Казан» деген селоға келдік. Ойынға кіріскелі жатырмыз. Гурьевтен 104 адам 300-ден астам атпен кетіп едік. Тамақ жағы қымбат, астық 150-170 сом, шай сияқтылар жоқ. Темекі 25–30 сом, оған да жоқ. Реті болса, 4–5 темекі, тәуірінен, 3–4 одеколон, иіс сабын жіберіп қараңыз», делінген хабарсыз кеткен боздақтың хатында.
Ғабдол Сахтауов майданнан жолдаған хатын әйелі Зейнеп ұзақ жыл сақтаған. Кейін Құрманғазы аудандық музейінің қорына тапсырылған.
«Нұржанова Заидаға аудандық оқу бөлімінен 375 сом ақшамды алып, үйге бер деп документімді бергем. Қаналиев барды ма? Елде кім бар, кім кетті? Алдағы уақытта хат жазармын. Елдегі мені сұрағанға көп-көп сәлем. Көргенше күн жақсы болсын. Қош-қош. Сахтауов Ғ. Адрес: Чкаловская область, Акбулакский р-н, пос. «Казана» Сахтауову Г. десеңдер келеді», деп аяқтапты хатын.
Атырау облысы