Қоғам • Бүгін, 07:53

Сенім алға жетелейді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тағдырдың салған ісіне қайыспай қарсы тұру – қажыр-қайраты кемел адамдардың ғана маңдайына жазылған сыбаға. Кәтепті қара нар ғана көтеретін зілмауыр жүкті арқалай жүріп келешектің көкжиегіне сығалаған үлбіреген үміт сәулесі жан жүректерін жылытып, он екі мүшесіне сарқылып бітпес күш-қуат құятындай.

Сенім алға жетелейді

Екатерина Ревенің де тартқан тау­қыметі аз емес. Әуел баста бәрі рет-ре­тімен келе жатыр еді. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығы – денсау­лық сақтау саласы. 2019 жылы Көкшетау медицина колледжін тәмам­дап, үлкен өмірге жолдама алды. Бір­ден Жарқайың аудандық ауруханасы­на орналасқан. Көкірегіндегі көрікті арманға қолы жеткендей, мақсат-мұраты орындалғандай. Ендігісі шәкірт кезінен аңсаған өмірдегі темір­қазық нысанасы тәрізді халыққа адал қызмет ету. Бірақ өмірде барлығы өзің ойлағандай болмайды екен. Ілкідегі дарқан даланың даналығын бойына жинаған ақылман қариялар маңдайға жазылғаны деуші еді. Тұп-тура солай болып шықты. Ойламаған жерден мертігіп қалғаны. Алғашқы күндері салы суға кетті. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып төсек тартып жату, кісіге күні түсу қандай аянышты. Неше жерден қайратты болсаң да жігерің жаситындығы сөзсіз. Бұрынғылардың алдым қараңғы дейтіні осы екен де... Ертеңгі күннің қандай сый дайындап тұрғандығын болжап білген кім бар. Азаппен екі жыл өтті. Күндердің бір күнінде боркеміктене беруге болмайтындығын түйсінген. Өзі бар күш-жігерін жинап, тас-түйін бекініп алға ұмтылмаса, тұңғиықтан суырып алып шығар құдірет жоқ. Шынында да солай болып шықты. Сенім қолтығынан демеген қос періште тәрізді алға жетеледі.

Жанына серік еткені, көңіліне медеу болғаны – спорт. 2011 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубы шақырған. Әуелі жеңіл атлетикадан бастады. Үміт оты лаулай түсті. Өзінің де қолынан іс келеріне кәміл сенді. Сол жылы ядро итеруден республикалық жарысқа қатысқан. Облыстың атынан. Жерлестерін ұятқа қалдырмады. Жүлдегер атанды. Бұл табысы қаршадай қызды тіптен қанаттандыра түсті. Спортпен шындап шұғылдансаң табыс атты биіктік өз-өзінен жонын тоса береді екен. 100, 200 метр қашықтықта арбамен жарысуда облыс чемпионы атанды. 2022 жылы ядро итеруден ел чемпионы болды. 2023 жылы республикалық VI паралимпиадалық жарыста топ жарды. Тұла бойында шиыршық атқан күш-қуат пайда болғалы жарыс атаулыдан жүлдесіз қалған жері жоқ.

Ең басты жеңісі – мамандығына, 2022 жылы алғашқы еңбек жолын бастаған ауруханаға қайта оралды. Әріптестері арқа-жарқа. Екатеринаның бойындағы кез келген адамның көкірегінде пайда бола бермейтін күш-қуатқа қайран қалысқан. Өздерімен бірге осындай қарапайым, ұлы өмірге шексіз ғашық  спортшы қыздың жұмыс істейтіндігін мақтаныш еткен. Шынында да, тұңғиықтан шыға білген ерлігі көпке өнеге. Шағын аудандағы халық та осы бір жұлдызы жарқырап жүрген, тағдырмен тайталасқан сәтте жігері жасымаған Екатерина Петровнаның басынан өткен сынақты жақсы білетін. Әрдайым жылы ұшырап, күлімдеп қарсы алатын медбикенің қатарға қосылғанына олар да бірге қуанған.

«Басында қолымнан келер ме екен деген күдігім де болды, – дейді Екатерина Петровна. – Әйтсе де, шын жыласа, соқыр көзден жас шығады дегендей, адамның жеңбейтін қиындығы болмайды екен. Ең бастысы, жалаулы жасыл дүниеде жақсылық жамырай жауатын күннен күдер үзбеу».

Айтқаны – ақиқат. Оны жай ғана сөз емес, ісімен дәлелдеп отыр.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы