Өнер • Бүгін, 07:35

Азамат жасаған арт-мүсіндер

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индербор кентінде тұратын Азамат Кенжеғалиев – темір­ден түрлі арт-мүсін жасайтын шебер. Мамандығы мүсінші болмаса да оның қара металдан, ағаштан түйген туындыларына қызығушылар көп.

Азамат жасаған арт-мүсіндер

Арт-шебердің туын­ды­ла­рының қатарында су тас­қы­ны кезінде қап тасыған ит­тің мүсіні де бар. Бұл мүсінді бір айда жасаған.

«Былтырғы су тасқыны кезінде елдің бірлігіне, ұйымшылдығына куә болдық. Өзім де ерікті ретінде Жайық өзенінің жағалауына бөгет салуға қатыстым. Сол кезде Пшон аталатын иттің қап тасып жүргенін көрдік. Көпшілік әлеуметтік желіде жағымды пікір қалдырды. Алайда былтырғы қарашада Пшонды атып кеткенін естідік. Содан соң оның мүсінін жасауға бекіндім», дейді Азамат Кенжеғалиев.

пр

Оның айтуынша, иттің мүсінін жасауға кәдімгі қара темірді пайдаланыпты. Алдымен темірден жүрек тектес бөлшектерді әзірледі. Содан иттің мүсінін құрастырды.

«Әлеуметтік желі қолданушы­лары ұнаған жазбаға, не суретке жүрек түріндегі лүпіл басады. Дәл осы лү­пілді Пшонның мүсініне қолдандым. Мүсінді көлік сырымен сырладым. Оны Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауына қоюды ұсынып, әкімдікке хабарласқан едім. Әкімдіктен қолдау болмады», дейді ол.

арт

Жұртшылықтың қолдауына ие болған иттің мүсіні Атырау қала­­сын­дағы «Ailaq Coffee» кафесінің ал­дына қойылды. Бұл кафе Жайық өзе­нінің жағалауында орналасқан.

«Пшонның мүсінін Сарытоғай ауы­лында тұратын иесі сатып алғы­сы келетінін айтты. Кейін «Ailaq Coffee» кафесінің иесі хабарласып, мүсінді қоюға орын беретінін айтты. Мүсінді күтіп ұстауға уәде берді. Ол мүсінге ақша ұсынған еді. Бірақ ақшасын алмадым. Маған өзім жасаған туындының бос жатпағаны қажет», дейді мүсін авторы.

Азамат мүсіндерді шеберханасында жасайды. Мүсінге қажетті материалдарды өзінің ақшасына сатып алады. Арт-мүсіндердің сапасын арттыруға қажетті заманауи станоктар қажет.

арт

«Жақында алып бекіре балығының мүсіні дайын болды. Енді оған тірек әрі көрнекі негіз болатын Каспий теңізінің макетін пысықтап отырмын. Бекіре ба­лығын да бұрынғы жұмыс­тарым се­кіл­ді өз есебімнен жасадым», дейді арт-шебер.

Алайда бекіренің арт-мүсіні қойы­латын орын әлі нақтыланған жоқ. Бекі­рені үш айда дайындаған шебер қала әкім­дігіне Атырау теміржол вокза­лы­­ның немесе Х.Доспанова атындағы халық­­аралық әуежайдың алдына қою­ды ұсы­ныпты. Бірақ саябақтар мен Жайық өзенінің жағалауын қолайлы көрмейді.

Темірден түйін түрлі мүсін дайындайтын шебер Азамат Кенжеғалиев­тің бірнеше туындысы бар. Мәселен, ша­уып бара жатқан бірнеше жылқы­ның мүсіні сауда орталығының алдында тұр. Өзі тұратын кентке «Inderbor» композициясы мен «Мәң­гілік алау» мемориалдық нысанын сыйға тартты.

 

Атырау облысы