Қоғам • Бүгін, 07:33

Талдықорған театры академиялық мәртебе алды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу облысының мәдени өмірінде тарихи оқиға болды. Көптен күткен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрына академиялық мәртебе берілді. Осылайша абыройлы атақ ресми түрде бекітіліп, Мемлекет басшысы биыл Мәдениет қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында көтерген бастамасы нақты жүзеге асты.

Талдықорған театры академиялық мәртебе алды

Суреттерді түсірген – Жеңіс Ысқабай

Шығармашылыққа адал­­дық­тың, ру­ха­ниятқа қыз­­мет етудің, жарты ғасырлық еңбек­тің лайықты бағалануы ре­тін­де қабылданған бұл жаңалық театр ұжымын ғана емес, тұтас Жетісу жұртшылығын ерек­ше қуанышқа бөледі. Тал­дықорған театрының тарихы 1975 жылдан бастау алады. Театр шымылдығын алғаш болып Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы ашқан сәттен бастап, бұл ұжым өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ театр мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келеді.

Биыл 50 жылдығын атап өткен өнер ордасы осы уақыт аралығында жүздеген қойы­лым қойып, талай талант­ты түлетіп шығарды. Алма­хан Кен­жебекова, Әлихан Ыды­рышева, Лидия Кәденова, Дулыға Ақ­молда секілді халық әрті­стері еңбек ететін театр бүгінде шы­ғармашылықтың шынайы мектебіне айналған. 145 адамнан тұратын ұжым­ның 61-ін жас­тар құрайды. Бұл – театрдағы дәстүр сабақ­тастығының, жаңа буын­ның қалыптасуының ай­қын көрсеткіші. Театр дирек­торы Ерлік Тілеуқұлұлы Көр­кем­дік бұл жаңалықты ­театр тари­хындағы ең жарқын белес­тердің бірі деп бағалады:

а

«Жарты ғасырлық жолымызда көрерменнің сені­мін ақтауға, сахна мәдениетін биіктетуге тырыстық. Әр премьера, әр құрмет, әр қошемет – ортақ тарихымыздың алтын парағы. Академиялық мәртебе – тек атақ емес, біз­дің өнерге деген адалды­ғы­мыздың, ұлт руханиятын дамы­туға қосқан үлесіміздің жоғары бағалануы. Бұл мәртебе – әрі қуаныш, әрі үлкен жауапкершілік», дейді ол.

Жетісу өңірінде театр мә­де­­­ниетінің дамуына ықпал етіп келе жатқан тағы бір ма­ңыз­ды жоба – «Biken Fest» халықаралық фестивалі. Об­лыс құрылғаннан бері үз­діксіз ұйымдастырылып келе жатқан бұл өнер мерекесі биыл Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан басқа да елдерден келген 9 театрды біріктіріп, шығармашылық тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды. Фестиваль­дың тұрақты өтуі Талдықорған театрының халықаралық беде­лін арттырып, кәсіби байла­ныстарын кеңейте түсті.

Халық әртісі Алмахан Кен­же­бекова бұл мәртебені үл­кен серпіліс ретінде қабылдап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Академиялық атақ – бү­­кіл ұжымның табанды ең­бе­гінің нәтижесі. Бұл біз­дің халықаралық деңгей­дегі жобаларға кеңінен қаты­суымызға, жас әртістердің кә­сі­би дамуына, жаңа шығар­машылық зертханалар ашуға жол ашады. Театр – қоғамның айнасы. Біз сол айнаға заманауи ой, ұлттық рух, терең мәдениет бейнесін түсіруді жалғастыра береміз», дейді ол.

Ал академиялық мәртебе – театрдың жаңа белесі. Бұл атақ ұжымға жаңа мүм­кіндік, жаңа міндет жүк­тейді. Жар­ты ғасырлық тарихы бар өнер ор­дасы енді академиялық дең­гей­де жаңаша өрлеу кезеңіне қадам басады.

 

Жетісу облысы