Президент • Бүгін, 18:03

Президент «Бал Текстиль» компаниясының өнімдерімен танысты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бал Текстиль» компаниясының директоры, шымкенттік кәсіпкер Талғат Ысқақов өзінің Facebook парақшасында бүгін Астанада «Алтын сапа» сыйлығы аясында өткен көрмеге қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен жүздескенін жазды. Президент шымкенттік «Бал Текстиль» компаниясының көрмесін аралап, өнімдерімен танысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент «Бал Текстиль» компаниясының өнімдерімен танысты

Фото: Ашық дереккөзден

Кәсіпкердің айтуынша, Президент компания жұмысына ерекше қызығушылық танытып, өндірістің толық циклі, экспорттық мүмкіндіктері және өнім сапасы туралы сұрады. «Бал Текстиль» – жіп иіруден бастап дайын кілем шығаруға дейінгі процесті толық атқаратын, жергілікті шикізатты пайдаланатын кәсіпорын. Компания Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай нарығына өнім экспорттап отыр.

Бүгінде зауытта 20 заманауи станок жұмыс істейді, өндірісте 500-ден астам адам еңбек етеді. Қазақстанның барлық өңірінде 400-ден астам дистрибьютор бар, олардың есебінен жалпы 3 мыңға жуық адам отандық өнім өндірісімен айналысып отыр.

Талғат Ысқақов Мемлекет басшысына жергілікті полипропилен жібін қолдану бәсекеге қабілеттілікті арттырғанын айтты. Президент компания жұмысына оң бағасын беріп, өнім бағасы, сатылым көлемі және шетелдік брендтермен бәсеке туралы сұрап, алдағы уақытта фабрикаға барып, жұмысымен жеке танысатынын жеткізді.

Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдаудың маңызын атап өтіп, экспортқа бағытталған, жергілікті шикізатқа сүйенетін және заманауи технологияларды қолданатын кәсіпорындарға басымдық берілуі тиіс екенін айтты.

Кәсіпкердің сөзінше, мұндай қолдау қазақстандық бизнестің дамуына серпін беріп, отандық өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады.