Аймақтар • Бүгін, 17:03

Оңтүстік аймақтың әскерлері «дабыл» бойынша көтерілді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған құрама «дабыл» бойынша көтерілді. Бұл күзде шақырылған жас сарбаздардың қару-жарақ пен әскери техниканы қайтып қолдануды іс жүзінде байқап көрудің тактикалық-саптық жаттығулары еді. Осылайша жаңа оқу кезеңінің басталуына орай бөлімшелер жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтірілді.

Оңтүстік аймақтың әскерлері «дабыл» бойынша көтерілді

Фото: Автордан

Тактикалық-саптық сабақтар барысында жеке құрам белгіленген уақытта жиын орнына келіп, қойылған тапсырмаларды орындады. Әскери  дағдыларын шыңдаған сарбаздардың дайындық әрекеттері бақылау тобы тарапынан бағаланды. Жеке құрам бөлімге толық жиналғаннан кейін бөлімшелер марш жасап, белгіленген аумақтарда оқу-жаттығу өткізді. Мұндай әскери жаттығу сарбаздардың ұйымшылдығын, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындаушылығын, жеделдік пен үйлесімділікті байқау үшін керек.

Мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер Бердияр Қуатов дайындық сабақтары жайында былай дейді:

«Мен биыл көктемде Ақтөбе облысынан шақырылдым. Алты айдың ішінде әскери істің қыр-сырын меңгердім десем болады. Апта басында тексеру дабылы ойнап, бәріміз өре түрегелдік. Роталық колонналарды құру аймағына барып, бірнеше жауынгерлік нормативтерді орындадық. Соның ішінде мен үшін есте қалғаны – медициналық дайындық. Біз жараланған жауынгерлерге алғашқы көмек көрсеттік. Іс жүзінде эвакуациялау тәсілдерін үйрендік. Бұл білім тек армияда ғана емес, кейінгі өмірде де қажет қой. Әскерде мен сарбаздың кез келген жағдайға дайын болу керек екенін түсіндім. Алғашқы көмек едел-жедел көрсетілсе, бір адамның өмірін құтқарып қалғаның. Жауынгерлік тәртіпке үйреткен осындай әскери бөлімде қызмет етіп жатқаным мен үшін үлкен мақтаныш», деді ол.

Тексеру барысында командирлер далалық жағдайда тактикалық шешімдер қабылдап, жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қаруды дұрыс қолданып, көздеп ату басқа да жауынгерлік даярлық әскери басшылық тарапынан ерекше назарға алынды. Сөзсіз мұндай оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырады, сонымен қатар бригада бөлімшелерінің тұрақты жауынгерлік дайындықта болуын қамтамасыз етеді деді әскери сала жетекшілері.

 

ШЫМКЕНТ