Экология • Бүгін, 10:25

Мемлекет өзендерді тартылудан қалай қорғайды?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа Су кодексінде еліміздегі су көздерін қорғаудың нақты тетіктері енгізілді.  Бұрынғы редакцияда су қаржылай табыс көзі ретінде ғана қарастырылса, енді ол экожүйенің аса маңызды бөлігі ретінде айқындалып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет өзендерді тартылудан қалай қорғайды?

Фото: massaget.kz

Жаңа Су кодексінің 79-бабына сай тұйық бөгеттердің құрылысына толық тыйым салынды. Енді шағын өзендерде су өткізу мүмкіндігі қарастырылмаса бөгет тұрғызуға болмайды.

Бұл неліктен маңызды?
Себебі тұйық бөгеттер су ағысын тоқтатып, өзен арнасының бітелуіне, тайыздануына және құрғап кетуіне әкеледі.
Жаңа талапқа сәйкес тұйық бөгеттер қайта жаңартылуы керек не толық бұзылуы тиіс. Ал өзен арналары қалпына келтірілуі қажет.

Жаңа редакцияда «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Енді әр өзенде қажетті су көлемі міндетті түрде сақталуы керек. Талапқа сай мұндай көрсеткіш бекітілген өзендерден суды алуға тыйым салынады. 

Бұл шара өзендер суының тартылып, құрғап кетуінің алдын алады. Сондай-ақ экологиялық ағын балықтардың тіршілігін, өзен бойындағы экожүйенің тұрақтылығын сақтап, өсімдіктерді қорғау үшін қажет.

Кодекстің 29-бабына сай өзендерде қанша су қалуы керек екенін Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы Ақпараттық-талдау орталығы белгілейді. 

Су қорғау аймақтары мен белдеулерін сақтау жүйесіне де өзгеріс енгізілді. 

Ескі кодексте су қорғау аймақтары туралы нормалар болғанымен оларды іске асыру тетіктері нақты қарастырылмаған еді.  Жаңа кодекс бойынша әкімдіктер екі жыл ішінде барлық елді мекенде суды қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуі тиіс. Шағын өзендер, көлдер, батпақты аймақтар мен мұздықтарды қорғау шаралары да күшейтілді.

Климаттың өзгеруіне бейімделу және тасқын суды жинау да назарға алынған. 

Ескі кодекс мазмұнында нақты шаралар жеткіліксіз деңгейде көрсетілген еді. Жаңа кодексте бұл мәселеге қатысты жеке тарау арналып, өзен арналарын тазарту және тереңдету, тасқын және еріген қар суын жинайтын қоймалар салу көзделген. Жиналған суды құрғақшылық кезінде пайдалану үшін суды арнайы рұқсатсыз бірақ нақты талаптарға сәйкес жинауға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.

Өткен жылы өзендер мен көлдерді қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы бекітілген. 2027 жылға дейін Қазақстанның 10 өңірінде 51 өзен мен 1 көлдің жалпы ұзындығы 815 шақырым болатын учаскелерін тазалау жоспарланып отыр.