Руханият • Бүгін, 08:00

Жампоз журналист

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ми қабығын кемірген мың-сан ойдың жетегінде жүретін шығармашылық адамы үшін өмірдің әр күні ізденістен тұрады. Бұл қатарға қолынан бір сәт қаламы түспейтін газет журналистерін де қосар едік. Өз ісін құлай сүйіп, арманынан айнымаған адам түбі жеңіске жететінін республикалық «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері, «Ақпарат саласының үздігі», белгілі журналист Ершат Асматовтың өмір өрнегінен көреміз.

Жампоз журналист

Кейіпкеріміздің баспасөздегі айшықты жолы жастарға жарқын үлгі. Оқырман ойынан орын тапқан бұл есім бүгінгі журналистикада айшықты қолтаңбасы қалыптасқан ақеділ азаматтың жылдар бойы жинаған тәжірибесінің, табанды еңбегінің жемісі. Оның өмір өткелдеріне көз тастағанда мақсатынан мүлт кетпеген, өз мамандығының шыңына өзін-өзі сүйреп жеткізген күрескер жанның келбетін көреміз.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Кіші Диқан ауылында өмірге келген Ерағаң, бала жастан өлең-жырға құмар болып өскен. Оқушы кезінде-ақ аудандық газетке жазған-сызғандары жарияланып, бала арманына қанат байлапты. Балабақша тәрбиешісі қызметін атқарған анасы Гүлинур апай Абай мен Ыбырай өлеңдерін, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, ұйғыр халқының біртуар ақыны Илия Бахтияның отты жырларын ұдайы оқып беруі балаң көңілге әсер еткенге ұқсайды. Жаркент каласындағы педагогикалық училищеде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәлім алып жүрген ол 1988 жылы республикалық газеттен «Қазақ Мемлекеттік университетінде арнайы журналистика бөлімі ашылады. Кәріс, неміс, ұйғыр журналистері даярланады» деген жаңалықты естіп, елең етеді. Көп ойланбай арман арқалап Алматыға аттанады. Тағдыр табыстырған ұстаздарынан терең білім алады. Журфактағы жылдардың естелігін ол былайша баяндап берді.

– Бөлінген 25 орынның жетеуі – ұйғыр жастарына арналған екен. Бұл бастама газетіміздің сол кездегі бас редакторы Юлдаш Азаматовтың ұсынысымен ашылған. Сол 7 орынға 41 адам құжат тапсырған болса, соның бірі мен болдым. Осы сәт журналистикаға басқан нақты әрі шешуші қадамым еді. Алғаш рет «Ұйғыр авази» газетіне мақалам шыққанда, жүрегім жарыла қуандым. Бұл – менің өмірімдегі ең әсерлі, ең ұмытылмас сәттердің бірі. КазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, бір жыл оқыған соң редакцияға корректор болып жұмысқа орналастым. Таңертең – сабақ, түстен кейін – жұмыс. Газеттің иісі сіңген сол күндер менің, сондай-ақ біраз қатарласымның кәсіби болмысын қалыптастырды. Редакция бізге сенім арта бастады. Сол сенім шалқар шабыт сыйлады. Редакцияның ырғағын, журналистиканың ішкі тынысын, сөздің салмағын сол жылдары шынайы сезіне бастадық. ҚазҰУ нағыз өмір мектебіне айналды. Керемет ұстаздардан білім алдық. Қазақтың нағыз талантты-қабілетті қыз-жігіттерімен танысып, достастым. Жан-жақты өсіп, жетіле бастадым, деп еске алады Ершат Моллахунұлы.

Тағдыр дейтін таңғажайыпты көрмейсіз бе? Студенттік жылдары өзі табалдырығын имене аттаған белді басылымның бүгінгі бас редакторы болғанға дейін ол кәсіби баспалдақтың барлық сатысынан өткен. Отбасы жағдайына байланысты арада бірер жыл туған ауылына барып мұғалімдік қызмет атқарғаны болмаса, «Ұйғыр авази» газетімен тағдыры егіз өрілгендей. Ауылда ұстаздық еткен кезең де тұлғалық қалыптасуына оң әсер еткенін айтады.

Бедерлі жылдар белесінде елдегі ұйғыр этносының үнін жеткізіп, салт-санасы мен дәстүрін дәріптеген, этносаралық татулық пен ынтымақтың ұйытқысына айналған басылымды кейінгі он жылдан бері басқарып келе жатқан Ерағаңның тұсында газет мазмұны арта түскен. Бүгінде «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамына кіретін «Ұйғыр авази» таралым тұрғысынан елдегі үздік «бестікке» кіреді. Газетте 2024 жылдың ақпанынан мемлекеттік тілді қолдау және насихаттау мақсатында «Шаңырақ» арнайы беті жарық көреді. Сондай-ақ жастарға, мұғалімдерге, әйелдерге, балаларға арналған беттер оқырман асыға күтетін дүниелерге толы. Газет тек ұйғыр халқының жаңалықтары, жетістіктерімен ғана шектелмейді, әлемге әйгілі тұлғалардың, қазақ ақын-жазушыларының, ғалымдарының шығармашылық мұрасы, өмір өнегесінен сыр шертеді. Жылдар бойы оқырманынан алыстамай, ел өмірінің айнасына айналған басылымның әр бетінде халықтың көзқарасы, рухани болмысы мен тіршілік тынысы сайрап жатыр. Ұлт саулығы, ұрпақ тәрбиесі, ел бірлігі сынды өзекті мәселелер бас редактордың назарынан тыс қалған емес.

Ерағаңмен етене араласа алмасақ та, жұмыс бабында әріптес аға-іні ретінде жиі кездесеміз. Қашан көрсең қарапайым қалыбынан жаңылмайды, үлкен-кішіге әдебі бір. Жарасымды қалжыңын айтып, ортасын думанға бөлеп жүретіні бар. Қарапайым қарашаның ортасынан табылып, қоғамдық ойға қозғау салатын, тағылымды басқосуларда келелі пікір айтатын кейіпкерімізден үйренеріміз көп.

Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан ұйғырлары республи­калық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Бас редакторлар клубының және ҚХА Журналистер клубының мүшесі, Ұйғыр ауданының құрметті азаматы. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ел өркендеуіне, жас ұрпақтың рухани өрістеуіне өрелі үлес қосып жүрген Ерағаңның биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Құрмет» ордені ұзақ жылғы еңбегіне берілген лайықты баға. Ал ел арасында ерекше құрметке бөленуі – адамдық болмысының, кісілік келбетінің айғағы.

– Елге деген сүйіспеншілік, мемлекетке құрмет және халыққа жақын болу менің көңіліме негізгі құндылық ретінде орныққан. Бұл – бір-бірін толықтырып тұратын, бірақ тепе-теңдігі бұзылса салмағын жоғалтатын нәзік өлшем. Мемлекетшіл, халықшыл болу – басты ұстанымым. Назарымыз ел ішіндегі еңбек адамдарына, ауылдың тынысын ұстап тұрған қарапайым бұқараға бұрылуға тиіс. Халыққа жетпеген сөздің құны болмайды, ал халықпен байланысын жоғалтқан басылым ұзақ өмір сүре алмайды. Сол себепті ел ішіне жиі шықтым – ауыл аралап, халықтың қуанышы мен қиындығына бірге куә болдым. Уақыт өте келе газеттің дауысы да халық үнімен астасып, айқынырақ естіле бастады, деп тебіренеді жампоз журналист.

Ершат Моллахунұлы қазақ жерін мекендеген барлық этностың басын қосып, елдегі тұрақтылық пен келісімнің ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері қатарында он бес жыл бойы еңбек етіп келеді. Бұл – жай мүшелік емес, ел бірлігіне қызмет ететін идеологиялық әрі рухани жауапкершілік. «Ел ішіне жиі шығып, халықтың көңіл күйін, сенімін сезіну – күнделікті міндетім. Ұлтаралық келісім сөз жүзінде емес, өмірдің өзінде жүзеге асуы керек. Яғни оның жұмысы жиын-мерекелермен, салтанатты іс-шаралармен ғана шектелмеуге тиіс. Үгіт-насихат, идеологиялық жұмыс көбірек ауыл-аймақтағы халық арасында жүргізілгені абзал» деген ол Отанды сүю, әділетті болу ұстанымы тоғысқан жерде қоғам іргесі берік болатынын айтады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, елдегі тұрақтылықты, қоғамдық және этносаралық келісімді нығайту жолында белсене қызмет атқарып жүрген әріптесіміз үнемі ел аралап, халық ішінен табылады. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің шақыруымен студенттерге шеберлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Отандық арналарға сарапшы ретінде барып, экран арқылы ел-жұртқа салиқалы байламын айтудан да жалыққан емес.

Журналистік жолда талай тағдырға араша болған майталман маманның есімі бүгінде «Ұйғыр авази» газетінің бетінде ғана емес, Отандық журналис­тика кеңістігінде құрметпен аталады. Кәсіби жауапкершілікті ел тағдырымен сабақтастырып, отаншыл ойдың отын өшірмей келе жатқан қаламгерге шығармашылық табыс тілейміз.

 

АЛМАТЫ