Бұл еңбектің оқырманға берері мол. Кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Жарық пен көлеңке», екіншісі – «Қазақтың қақысы», үшіншісі – «Айту парыз, болмай қарыз» деп аталады. Алғашқы бөлімінің беташары – «Жер» атты көлемді мақаламен ашылған. Мұнда журналист әлемде жер көлемі жағынан 9-орын алатын ұлан-ғайыр даламыздың қазіргі жағдайын өткен тарихпен сабақтастырып, ой қозғайды. «Жер қорымыз алда дәйектегеніміздей 272,5 миллион гектар десек, оның 34 пайызы ғана шұрайлы саналады. Орманды алқабымыз 26 миллион гектар, бұл ел аумағының 4,6 пайызы. Солақайлықтың кесірінен соры қайнаған ұлтымыздың 10 пайызы ғана ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтарда тұрады. Ғалымдардың зерттеуінше, қолайсыз аудандардың 87 пайызы, ал экологиялық жағынан апат аймағы деп есептелетін жерді мекен етіп жатқандардың 95 пайызы өз қаракөздеріміз екенін де еске сала кетсек дейміз», дейді.
Белгілі публицист бас басылымда еңбек еткен жылдары шетелге кеткен қазақ балалары туралы бірнеше сериялық мақала жазды. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа «аттанған» ұрпақты іздеп барғаны есімізде. Осы жинақта да бұл тақырыпқа қайта тоқталған екен. Автор «Жұртын іздеген ұл мен қыз» атты мақаласында былай дейді: «Шетелге кеткен балалардың тізімін анықтау 1998 жылы қабылданып, 1999 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген «Неке және отбасы туралы» заңнан кейін ғана мүмкін болды. Сол кездегі деректерге ден қойсақ, жұртынан көз жазып қалғандардың саны – 1 797 екен. Кейін бұл сан өсе берді. Қазір 10 мыңға таяп қалды. Сол 1999 жылғы есептегі 1 797 баланың 250-інің ғана дерегі Білім және ғылым министрлігінде бар болып шықты, ал қалған балалардың қайда «сапарлағанын» ешкім білмейді».
Қазір қоғамда идеология туралы жиі айтылады. Кейбіреулер бізде «Ұлттық идеология бар ма?» деп сұрақты тікесінен қояды. Идеологияның негізі ұлттық идеяда жатқаны анық. Қаламгер «Ұлттық идея» атты ой-толғамында ұлттық идеясыз ұлт болмысы қалыптаспайтынын ашық жазған.
Сондай-ақ кітаптағы ел мен жер мәселесінен бөлек, ұлт қайраткерлері туралы эсселерімен бірге Мекемтас Мырзахметұлы, Камал Ормантаев, Рахымжан Елешұлы, Шәмша Беркімбаева, Серік Ақшолақов секілді танымал тұлғалардан алған сұхбаттарын тұшынып оқисыз.