Фото: Ақорда
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Үкіметке әуе хабтарын дамытудың нақты мәселелерін шұғыл түрде шешу жөнінде тапсырма берді.
«Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Соңғы 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тәсіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметін жан-жақты қолдау қажет екенін мәлімдеді.
«Отандық жүк тасымалы компанияларын қолдаудың алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Басты мақсат – компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыра отырып, мультимодальдық логистиканы дамыту. Әуе кемелері флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады», деді Президент.
«Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті», деді Президент.