Экономика • Бүгін, 11:46

«Даму» қоры алғаш рет цифрлық теңгемен несие берді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Halyk Bank арқылы жылдық 12,6% мөлшерлемемен  жеңілдетілген цифрлық несие берді. Оған Ұлттық банк қолдау көрсетті. Цифрлық теңгені пайдаланған алғашқы клиент – павлодарлық кәсіпкер Виталий Кремберг, деп жазады Egemen.kz.

«Даму» қоры алғаш рет цифрлық теңгемен несие берді

Фото: home.kz

Кәсіпкердің жобасы – үй жануарларына арналған санитарлық толтырғыш ретінде және құрылыс, ауыл шаруашылығы, экология салаларында (мысалы, жанар-жағармай төгілген апаттарды жою кезінде) қолданылатын гранула/абсорбент өндіретін кәсіпорын салу. Клиент өндірісті заманауи технологиялармен дамыту үшін жаңа өнім – цифрлық теңгедегі несиені саналы түрде таңдаған.

«Бұл жобаны тек бизнес үшін бастаған жоқпыз. Біз өз жерімізде жасалған сапалы абсорбентті – мақтанышпен ұсынатын өнім жасағымыз келеді. Бұл жай ғана жануарларға арналған толтырғыш емес, шаруашылықта, құрылыста, экологияда кең қолданылатын әмбебап материал. «Өрлеу» бағдарламасы арқылы берілген мемлекеттік қолдау біздің старттық капиталымыз болды, ал цифрлық теңгені біз жаңа, технологиялық және ұзақмерзімді дамуға бағытталған кезеңнің символы ретінде қолдандық», деді кәсіпкер Виталий Кремберг.

Цифрлық теңгедегі несиенің артықшылықтары

- қашықтан рәсімдеу;

- өтінімді жылдам қарау және қаржыны тез беру;

- мемлекеттік бағдарламалар шарттарының толық ашық орындалуы;

- салықтық тексерулердің болмауы, бұл әкімшілік және қаржылық шығындарды азайтады;

- ҚҚС қайтару мерзімі 55-75 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.

«Даму» қорының пікірi

«Цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарының бірі – цифрлық қаражатты таңбалау мүмкіндігі. Бұл бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын бақылауды әлдеқайда жеңілдетеді. Кәсіпкерлер үшін цифрлық теңгедегі несие рәсімі жылдамырақ әрі ашық болады», деді «Даму» қорының басқарма төрағасының орынбасары Арсен Мустафин.

Жобаның параметрлері

Сомасы – 250 млн теңге.

Мерзімі –7 жыл.

Сыйақы мөлшерлемесі –12,6%.

Жер телімін сатып алу, өндірістік нысан салу және жабдық алу жоспарланған.

Алғашқы жылы 10 жұмыс орны ашылады.

Өндіріс қуаты – жылына 1200-1400 тонна.

Halyk Bank пікірі

«Halyk-тың бұл пилоттық жобаға қатысуы банктің инновацияға ашық екенін көрсетеді. «Даму» қорымен серіктестік бизнестің жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашады», деді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос.

Ұлттық банктің пікірі

«Цифрлық теңге – мемлекеттік қаржылардың жаңа архитектурасы. Программаланатын ақшалар кәсіпкерге ыңғайлы, ал мемлекетке – толық ашықтық береді. Президент тапсырмасы бойынша цифрлық теңге барлық мемлекеттік шығыстар мен субсидияларға кезең-кезеңімен енгізіледі», деді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинур Жалелов:

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге жүгінеді. Қазір бағдарлама бойынша келісім жасалған банктер:

Halyk Bank, Bank CenterCredit, ForteBank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Freedom Bank, Nurbank, RBK Bank, KZI Bank.

Бағдарлама қатысушылары «Даму» қорының кепілдігін де пайдалана алады.

Қосымша ақпарат – 1408 call-орталығында немесе www.damu.kz сайтында тұр.