Фото: sportilinet.kz
«Qazaq Style» командасы VADA-ның бірінші алған анализдері таза шыққанына қарамастан екінші тексеруде кінәрат табылғанына таңғалып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жекпе-жек өткізілмейтінін ресми түрде жариялады.
«Бұл жаңалыққа біз қалай таңғалсақ көп жанкүйер де солай аң-таң болғанын білеміз. Олардың да көңіл күйлері түскенін сезіп отырмыз. Өйткені тақым қысып тілеулес болып отырған ағайын өте көп. Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды», делінген «Qazaq style» team таратқан хабарламада.
Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлының командасы қайта анализ тапсыруға өтініш берген.
«VADAның бірінші алған анализдері таза деген хабар келген болатын. Ал екінші анализде даулы мәселе бар деген хабар жетті. Екі анализ арасында тамаққа, витаминге де ешқандай өзгеріс жасамадық. Бұл қалай болғанын түсінбей отырмыз. Қазір менеджерлер мен заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Қайта анализ тапсырсақ деген өтінішті айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мамандардан хабар күтудеміз», делінген хабарламада.
Үлкен спортта әртүрлі қиындық болатынын ескерткен команда бұл мәселені де еңсеретініне сенім білдірген.
Айта кетейік, ел боксшысы 12 қараша күні допинг сынамасын тапсырған еді.
Ал WBO Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты тексерісті бастады.